Үкімет депутаттардың агробанк құру туралы ұсынысын тағы қолдамады
АСТАНА. KAZINFORM — Премьер-министр Олжас Бектенов Мәжіліс депутаттарының сауалына берген жауапта агробанк құру идеясын Үкімет әлі де құптамайтынын жеткізді.
— Қазіргі уақытта агроөнеркәсіп кешені субъектілеріне жеңілдікті қаржыландыруды ұсыну функцияларын бірқатар мамандандырылған ұйым («Аграрлық несие корпорациясы» АҚ, «ҚазАгроФинанс» АҚ, «Даму» қоры) және кредиттік серіктестіктер жүзеге асырады. Аталған институттардың аграрлық секторды кредиттеу үшін қажетті инфрақұрылымы, тәжірибесі және нормативтік базасы бар. Олардың әлеуетін күшейту және қолданыстағы бағдарламаларды жетілдіру жаңа құрылым құрмай-ақ, ауыл шаруашылығы тауарларын өндірушілердің қаржы ресурстарына қолжетімділігін кеңейте алады, — деп жазылған жауапта.
Оның сөзінше, осы мақсат үшін жаңа банк құру үлкен капиталды қажет етеді.
— Агробанк құру үшін капиталдандыруға, қызметті ұйымдастыруға және филиалдық желіні қалыптастыруға едәуір мемлекеттік шығын талап етіледі. Осыған байланысты бюджет қаражатын тиімді пайдалану және квазимемлекеттік секторды оңтайландыру қажеттілігін ескере отырып, ресурстарды қолданыстағы қолдау құралдарын жетілдіруге бағыттаған жөн деп санаймыз, — деп жазады Премьер-министр.
Айта кету керек, Мәжілістегі «Ауыл» партиясының фракциясы елде агробанк құру туралы бастама көтеріп келе жатқанынан бірнеше жылдың жүзі болды.