Үкімет экономиканы әртараптандыра түсу тәсілдерін пысықтайды

АСТАНА. KAZINFORM — Бүгін Үкімет отырысы өтеді. Онда Министрлер кабинетінің мүшелері экономиканы одан ары әртараптандыру тәсілдерін қарайды. 

Үкімет экономиканы одан ары әртараптандыру тәсілдерін пысықтайды
Фото: Виктор Федюнин / Kazinform

Жалпы отырыстан кейін БАҚ өкілдеріне баспасөз мәслихаты ұйымдастырылады. Онда Өнеркәсіп және құрылыс министрі Ерсайын Нағаспаев, Энергетика вице-министрі Қайырхан Тұтқышбаев, Ауыл шаруашылығы вице-министрі Азамат Сұлтанов және «Бәйтерек» ҰИХ» басқарма төрағасы Рүстем Қарағойшин журналистер тарапынан туындайтын сауалдарға жауап береді.

Айта кетейік, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың өңдеу өнеркәсібін дамыту, экономиканы әртараптандыру және инвестиция тарту жөніндегі тапсырмаларын жүзеге асыру аясында 2025 жылы негізгі салаларда тұрақты өсім қамтамасыз етілді. Қаңтар-желтоқсан айларының қорытындысы бойынша өңдеу өнеркәсібінің жиынтық өсім көрсеткіші 6,4 пайыз болды, бұған республика бойынша қолданыстағы қуаттарды кеңейту және ірі инвестициялық жобаларды жүзеге асыру ықпал етті.

Өңдеу өнеркәсібінің көптеген секторында оң динамика тіркелді. Ең жоғары өсу қарқынын келесі салалар көрсетті:

  • машина жасау (+12,9%)
  • химия өнеркәсібі (+9,8%)
  • құрылыс материалдары өндірісі (+9,7%)
  • дайын металл бұйымдарын өндіру (+13,6%)
  • жеңіл өнеркәсіп (+13,2%). 

Өсім металлургияда (+1,2%) және резеңке мен пластмасса бұйымдары (+7,6%), қағаз өндірісі (+5,3%) салаларында байқалды.

металлургия
Фото: Primetals

Естеріңізге сала кетейік, өткен аптада Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың төрағалығымен Үкіметтің кеңейтілген отырысы өтті. Жиында еліміздің 2025 жылғы әлеуметтік-экономикалық дамуы қорытындыланып, Үкіметтің алдағы кезеңге арналған негізгі міндеттері айқындалды. Отырыста алдымен Премьер-министр Олжас Бектенов баяндама жасап, салық, тариф және бюджет саясатында, цифрлық және құрылыс секторларында, сондай-ақ әлеуметтік салада қабылданған шешімдер экономиканы дамытуға тосқауыл болып отырған құрылымдық диспропорцияларды жоюға бағытталғанын атап өтті. Сонымен қатар ол экономиканың өсуіне қарамастан, жуық арада шешімін табуға тиіс бірқатар өзекті мәселе де бар екенін жасырған жоқ.

— Үкімет еліміздің инфрақұрылымын жаңғырту және ірі өнеркәсіптік жобаларды жүзеге асыруға басымдық бере отырып, тиісті бір дәрежеде шағын және орта бизнесті қолдауға көңіл бөлу жағын бәсеңдетіп алды. Ал, бұл секторда шамамен 4,5 миллион адам, яғни экономикалық белсенді халықтың тең жартысы еңбек етеді. Сіздің экономикалық тұрақтылықты қамтамасыз ету туралы тапсырмаңызға сәйкес микро және шағын бизнес субъектілеріне арналған қаржылық, қаржылық емес және инфрақұрылымдық қолдау шараларын бір жүйеге келтіретін «Іскер аймақ» бағдарламасы бекітілді. Алайда бұл бағдарлама ШОБ-тың барлық әлеуетін ашу үшін жеткіліксіз. Осыған байланысты Үкімет бизнес-қоғамдастықпен бірлесіп қосымша қаржылық және реттеушілік шараларын әзірлеп жатыр. Осындай шаралардың бірі ретінде шағын және орта өндірушілерді заманауи жабдықтармен қамтамасыз ету бағдарламасын атап өтуге болады, — деді Үкімет басшысы.

Олжас Бектенов
Фото: Ақорда

Премьердің атап өтуінше, мемлекеттің барлық әлеуметтік міндеттемелері толық көлемде орындалып жатыр.  Алайда әртүрлі төлемнің көптігі мен бірізді жүйенің болмауы және тиімді бақылаудың жоқтығы шығындардың негізсіз өсуіне ықпал етіп отыр.

— Бұл бюджет қаржысының тиімсіз жұмсалуына және кей жағдайларда жымқырылуына алып келді. Атқарылған жұмыстың арқасында, соңғы екі жылда шамамен 288 млрд теңгенің тиімсіз игерілуіне тосқауыл қойылды. Сіздің «Turkistan» газетіне берген сұхбатыңызда және Ұлттық құрылтайдың бесінші отырысында айтылғандай, бүкіл сала реформалауды қажет етеді, — деді Олжас Бектенов.

Премьер-министр осы орайда келесі шаралар қабылданып жатқанын айтты:

  • әлеуметтік көмек түрлерін біріктіру және бірізді жүйеге келтіру процесі жүргізіліп жатыр;
  • білім беру қызметтері цифрландырылып жатыр. Бұл нысандарды салудан бастап жан басына сәйкес қаржыландыруға дейін барлық кезеңді қамтиды;
  • әлеуметтік медициналық сақтандыру қорының қызметі Қаржы министрлігінің ақпараттық жүйелерімен интеграциялау арқылы қайта қаралады.

Ал Ұлттық банк төрағасы Тимур Сүлейменов 2025 жылы инфляция экономикамыздың негізгі сын-қатеріне айналғанын айтты

— Өткен жылдың қыркүйек айындағы бағалардың 12,9 проценттік максимумнан өтіп, инфляцияны жыл соңына 12,3 процентке дейін баяулаттық, — деді ол.

Тимур Сүлейменов
Фото: Ақорда

Мұнан бөлек, ҰБ басшысы биыл бюджетіне цифрлық теңге енгізілетін салаларды атады

— Биыл цифрлық теңгені бюджет процестерінде қолдануды кеңейтеміз. Ол үшін сәуір айында Үкіметпен бірге бюджеттік бағдарламалар мен жобаларды цифрлық теңгеге аударудың арнайы жоспарын қабылдаймыз. Бұл жол салу, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық, агроөнеркәсіп кешенін несиелендіру, шағын және орта бизнесті қолдау, әлеуметтік сала, денсаулық сақтау сияқты салаларды қамтиды, — деді Тимур Сүлейменов.

Премьер-министрдің орынбасары — Жасанды интеллект және цифрлық даму министрі Жаслан Мәдиев Қазақстан аумағында Starlink салған gateway-станциялар арқылы спутниктік интернет көршілес елдерге де қолжетімді болатынын атап өтті. Оның мәліметінше, бытыр 1 900 ауыл талшықты-оптикалық байланысқа қол жеткізеді. Келесі жылы мұндай ауылдардың үлесі 90 пайыздан асады. Барлық республикалық маңызы бар автомобиль жолдары байланыс инфрақұрылымымен қамтамасыз етіледі.

Жаслан Мәдиев
Фото: Ақорда

— Биыл «Қазақстан темір жолы» жолаушылар тасымалының барлық негізгі бағытында интернет қолжетімді болады. Алғаш рет азаматтар отандық әуе тасымалдаушысы бортында интернетті пайдалана бастайды, — деді министр.

Кеңейтілген отырыс соңында Мемлекет басшысы қорытынды жасап, Үкіметке бірқатар нақты тапсырма берді

— Дүние жүзіндегі экономикалық ахуалға қарамастан, былтыр экономикамыз 6,5 пайызға өсті. Біздің миссиямыз — айқын: экономикалық өсім жоғары сапаға ие болуы керек, яғни, ең алдымен, халықтың әл-ауқатын арттырып, тұрмысын жақсартуға тиіс. Басқаша айтсақ, ішкі жалпы өнім артқан сайын азаматтардың нақты табысы да көбеюі керек. Бұл — Үкіметтің алдында тұрған негізгі міндет, — деді Президент.

Сондай-ақ, Мемлекет басшысы биыл 1 қыркүйекке дейін теміржол саласындағы жаңа тариф саясатына қатысты түпкілікті шешім қабылдауды, ауыл шаруашылығы кооперациясы туралы жаңа заң дайындауды, салық және кеден жүйесін басқарудың цифрлық тәсілін енгізуді тапсырды.

Қасым-Жомарт Тоқаевтың Үкіметтің кеңейтілген отырысында сөйлеген сөзін мына сілтемеден оқи аласыздар

Соңғы жаңалықтар
Референдум