Үкімет: «Елішілік құндылық» бағдарламасына қатыспаған кәсіпорындар мемқолдаудан қағылады

АСТАНА. KAZINFORM — Елішілік құндылықты дамыту дегеніміз — жаңа өндірістерді құру ғана емес, бұл — жаңа технологиялар трансферті, ғылымды дамыту, жаңа жұмыс орындары мен жаңа құзыреттерді қалыптастыру. Оның маңызын Үкімет басшысы Олжас Бектенов түсіндірді.

Премьер
Фото: Ағыбай Аяпбергенов/Kazinform

— Келесі жылы 1 қаңтардан бастап тізілім нақты отандық өндірушіні анықтау тетігіне айналады. Ал, мемлекеттік және квазимемлекеттік секторлар өнімді сатып алуда осы тізілімге енген өндірушілерге басымдық береді. Сонымен қатар барлық ірі кәсіпорындар өздерінің айналасында шағын және орта бизнес белдеуін құра отырып, елішілік құндылық бағдарламаларын әзірлеп, қабылдауы қажет. Егер кәсіпорындар мұндай бағдарламаларды қабылдамайтын болса, оларға ешқандай мемлекеттік қолдау көрсетілмейді, — деді Олжас Бектенов Үкімет отырысында. 

Премьер-министрдің баяндауынша, бағдарлама отандық кәсіпорындардан тікелей сатып алуды қамтамасыз етуге бағытталған. 

— Бұл оларды локализациялау есебінен өндірістерді кеңейтуге және жаңа өндірісті құруға ынталандырады. Сонымен бірге ел ішіндегі өндірістік тізбектерді кеңейте отырып, отандық компаниялардың арасындағы кооперацияны дамытуға жағдай жасау керек. Кәсіпорындардың өзара тиімді іс-қимылының арқасында ғана ел ішінде толыққанды өндірістік цикл құруға болады. Нәтижесінде импорт пен өндірістік шығын көлемі азайып, отандық тауарлардың бәсекеге қабілеттілігі мен оларға деген сұраныс артады. Елішілік құндылықты дамыту дегеніміз жаңа өндірістерді құру ғана емес, бұл жаңа технологиялар трансферті, ғылымды дамыту, жаңа жұмыс орындары мен жаңа құзыреттерді қалыптастыру дегенді білдіреді. Мұндай тәсіл еліміздің экспорттық әлеуетіне оң әсерін тигізіп, экономиканы әртараптандыруды, халықты жұмыспен қамту мен әл-ауқатының өсуін қамтамасыз етеді, — деп түсіндірді Үкімет басшысы.

Айта кетейік, қазір отандық тауар өндірушілер тізімі жасалып жатыр, жалған өндірушілер ол тізімге енбейді. 

Бұған дейін Үкімет басшысы қазіргі жүйе сертификатты жалған өндірушілерге беруге жол беріп отырғанын айтып сынады. 

Соңғы жаңалықтар