Үкімет химия өнеркәсібіндегі инвестициялық жобаларды сүйемелдеуді күшейтеді
АСТАНА. KAZINFORM – Нұрлыбек Нәлібаев Жамбыл облысындағы ірі инвестициялық және инфрақұрылымдық жобаларды жүзеге асыру барысымен танысты. Бұл туралы Үкіметтің баспасөз қызметі хабарлады.
Премьер-министрдің бірінші орынбасары Нұрлыбек Нәлібаев Жамбыл облысына жұмыс сапары аясында химия өнеркәсібіндегі ірі инвестициялық жобалардың жүзеге асырылу барысымен танысты. Өңір басшысы Ербол Қарашөкеевпен бірге жұмыс істеп тұрған кәсіпорындарды, салынып жатқан өндіріс орындарын аралады.
Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың жаңа экономикалық модельге көшу бойынша қойған міндеттерін жүзеге асыру үшін энергетикалық, инженерлік және көлік-логистикалық инфрақұрылымды кешенді түрде дамытуға ерекше назар аударылады. Бұл бағыт — Үкімет жұмысындағы басты бағыттардың бірі.
Жұмыс сапары еліміздегі химия өнеркәсібінің жетекші кәсіпорындарының бірі — «Қазфосфат» ЖШС-дан басталды. Кәсіпорын 2026 жылдың қаңтар-сәуір айларында 64,2 млрд теңгенің 246,1 мың тонна өнімін өндірген.
«Қазақмыс Холдинг» ЖШС директорлар кеңесінің төрағасы Эдуард Огайдың айтуынша, «Қазфосфат» ЖШС минералды тыңайтқыштармен отандық агроөнеркәсіп кешенін қамтамасыз етіп қана қоймайды, Ресей, Беларусь, Түрікменстан, Литва, Латвия, Польша және басқа да елдердің нарығына экспорттайды.
Үкімет басшысының бірінші орынбасары Сарысу ауданындағы Qazaq Soda кальцийлендірілген сода зауытының құрылысы мысалында өнеркәсіп саласындағы инвестициялық ынтымақтастықтың жаңа бағыттарымен де танысты.
Жобаның бірінші кезеңінде зауыттың өндірістік қуаты жылына 500 мың тоннаға жетсе, кейін 1 млн тоннаға дейін ұлғайтылады. Құрылыс кезінде 1 500 уақытша жұмыс орны ашылып, іске қосылғаннан кейін 375 адам тұрақты жұмыспен қамтылады. Зауыт Қазақстанның кальцийлендірілген содаға деген ішкі сұранысын толық қамтамасыз етеді.
Бірінші кезеңді 2026 жылдың төртінші тоқсанында аяқтау жоспарланған. YILDIRIM Holding компаниясының атқарушы директоры Исмаил Джейлан мемлекеттік қолдау аясында өндірістік алаңға газ және электрмен жабдықтау желілері, теміржол тармағы мен су жүйесі тартылып жатқанын жеткізді.
Жұмыс сапары Сарысу ауданындағы жалпы құны 500 млрд теңгені құрайтын, еліміздің химия саласындағы ең ірі инвестициялық жобалардың бірі жүзеге асырылып жатқан «ЕуроХим-Қаратау» ЖШС-да жалғасты.
Мұнда алғашқы кезеңде жылына 800 мың тонна күкірт қышқылын өндіру жолға қойылған. Екінші кезеңде жылына 1 млн тоннаға дейін минералды тыңайтқыш шығаратын өндірісті іске қосу көзделген және оны аяқтау 2027 жылдың бірінші тоқсанына жоспарланған. Кәсіпорын толық өндірістік қуатына шыққан кезде 1 200 тұрақты жұмыс орны ашылады. Ал құрылыс кезеңінде мұнда 2 мыңға дейін адам еңбек етуде.
Нысандарды аралаған соң мемлекеттік қолдау мен инвестиция тарту нақты экономикалық нәтижеге ұласуы тиіс екені атап өтілді. Бұл — жаңа өндірістерді іске қосу, тұрақты жұмыс орындарын ашу, экспорттық әлеуетті кеңейту және елдің өнеркәсіптік негізін нығайту. Осы орайда жауапты мемлекеттік органдар мен Жамбыл облысының әкімдігіне инвестициялық жобаларды тұрақты сүйемелдеу, туындайтын мәселелерді жедел шешу тапсырылды.
Одан әрі қарай тұрғын үй құрылысы, энергетика және көлік инфрақұрылымы салаларындағы жобалардың орындалу барысын тексерді.
Тараз қаласындағы «Балауса» жаңа шағын ауданында 145 тұрғын үй, екі мектеп, үш балабақша, онкологиялық диспансер, көпбейінді аурухана, лицей-интернат, неке сарайы, инновациялық шығармашылық орталық және дене шынықтыру-сауықтыру кешенін салу көзделген.
Жаңа шағын аудан бірыңғай сәулеттік тұжырымдама негізінде салынып, заманауи тұрғын үйлермен қатар, қажетті инженерлік инфрақұрылыммен толық қамтамасыз етіледі.
Алдағы жылыту маусымына дайындыққа ерекше назар аударылды. «ТаразЭнергоОрталық» АҚ-ның № 4 жылу электр орталығындағы (ЖЭО-4) жөндеу, жабдықтарды, 1,4 шақырымдық М-3 магистральдық жылу желісін қайта жаңғырту жұмыстарының барысын көрді.
Сонымен қатар Абай даңғылының теміржол үстінен өтетін жол және жаяу жүргіншілер өткелі қарастырылған жаңа учаскесі құрылысымен, Тараз теміржол вокзалын қайта жаңғырту жұмыстарымен танысты. Барлық жоба белгіленген мерзімде әрі сапа талаптарына сай аяқталуы тиіс екенін атап өтті. Жауапты мемлекеттік және жергілікті атқарушы органдарға энергетика нысандарын жылыту маусымына сапалы дайындауға, жылумен қамту жүйесінің сенімділігін қамтамасыз етуге және әлеуметтік маңызы бар инфрақұрылымдық жобалардың құрылысын уақытылы аяқтауға ерекше назар аудару тапсырылды.
Айта кетелік Алатау қаласында жаңа басқару органдары құрылатыны туралы жазған едік.