Үкімет көлеңкелі экономикаға қарсы іс-қимыл жөніндегі кешенді жоспарды бекітті
АСТАНА. KAZINFORM — ҚР Үкіметінің қаулысымен 2026–2028 жылдарға арналған көлеңкелі экономикаға қарсы іс-қимыл жөніндегі кешенді іс-шаралар жоспары бекітілді.
Құжатқа сәйкес, Қазақстан Республикасында 2030 жылға дейінгі шағын және орта кәсіпкерлікті дамыту тұжырымдамасы аясында көлеңкелі экономиканың жалпы ішкі өнімдегі (ЖІӨ) үлесі 2026 жылы — 14,5%-дан, 2027 жылы — 14%-дан, ал 2028 жылы — 13,8%-дан аспауы тиіс.
Құжатта көлеңкелі экономиканың елдің экономикалық қауіпсіздігіне тікелей қатер төндіретіні, шағын және орта бизнестің заңды дамуын тежейтіні, кәсіпкерліктің дамуына кедергі келтіретіні, бәсекелестікті әлсірететіні, экономикалық мәселелерді ушықтыратыны және мемлекеттік бюджеттің айтарлықтай көлемдегі кірісінен айыратыны жазылған.
Жоспардың негізгі бағыттарының бірі — цифрландыру. Осы мақсатта салық, кеден, еңбек және салалық ақпараттық жүйелердің деректерін салыстыратын цифрлық платформа құрылмақ. Бұл жүйе заңсыздығы бар немесе күмәнді схемаларды анықтайды және олар экономиканың түрлі салалары арасында қалай «көшетінін» бақылауға мүмкіндік береді.
Кешенді жоспар бес басым саланы қамтиды:
• денсаулық сақтау және әлеуметтік қызметтер;
• сауда;
• білім беру;
• құрылыс;
• ауыл шаруашылығы.
Сонымен қатар, бұл түпкілікті бекітілген тізім емес. Экономикадағы заңсыздығы бар не күмәнді жаңа аймақтар анықталған жағдайда, басым салалар тізімі толықтырылуы мүмкін.
Өндірістік секторға келсек, ауыл шаруашылығы, мұнай-газ саласы және құрылыста цифрлық қадағалау жүйелерін енгізу арқылы көлеңкелі айналымды қысқарту көзделіп отыр. Ресурстарды бөлудің цифрлық жүйелері мен кедендік платформаларды біріктіру өнім тасымалын толық бақылауға мүмкіндік береді.
Сауда және қызмет көрсету саласында базарларды цифрлық форматқа (Digital bazaar) көшіру, тауарларды таңбалау жүйесін кеңейту және акцизделетін әрі әлеуметтік маңызы бар тауарлардың айналымын автоматты бақылау жоспарланған. Бұл есепке алынбаған тауар айналымы мен контрафактілік өнім көлемін азайтуға ықпал етеді.
Әлеуметтік салада (денсаулық сақтау мен білім беру) қызметтерді автоматты түрде растау, баға мониторингі және комплаенс-аудит жүйелерін енгізу жалған операциялар мен бюджет қаражатын мақсатсыз пайдалану сын-қатерлерін төмендетеді.
Сонымен қатар, адам факторын азайту және рәсімдерді автоматтандыру арқылы сыбайлас жемқорлық сын-қатерлерін қысқарту көзделген.
Іс-шаралар Экономикалық ынтымақтастық және даму ұйымының (ЭЫДҰ) мынадай қағидаттарына сәйкес іріктелген:
• онлайн режимге барынша сәйкес деректерді пайдалану;
• сын-қатерлерді алдын ала анықтау;
• бизнеске қысым көрсету емес, ерікті түрде заңдастыруға ынталандыру;
• жоспарланатын нәтижелерге негізделген басқару.
Сонымен қатар, кешенді жоспарды әзірлеу барысында бизнеске жаңа міндеттемелер жүктейтін немесе реттеуді күшейтетін шаралар енгізілмеген.
Экономикалық айналымдардың ашықтығын арттыру елде неғұрлым болжауға болатын әрі бәсекеге қабілетті экономикалық орта қалыптастыруға мүмкіндік береді.
Кешенді жоспарды іске асыруда цифрландыру негізгі құрал болады. Сонымен бірге, жасанды интеллект технологиялары жоспардың орындалуын бақылауға және белгіленген көрсеткіштерге қол жеткізу деңгейін бағалауға пайдаланылмақ.
Жоспарды іске асыру нәтижесінде 2028 жылға қарай көлеңкелі (бақыланбайтын) экономиканың ЖІӨ-дегі үлесін 13,8%-ға дейін төмендету көзделіп отыр.
Қаулы қол қойылған күннен бастап күшіне енеді.
Айта кетейік, бұған дейін Үкімет мемлекеттік ұйымдардың құрылымын өзгертетінін, қай мекемелер біріктіріліп, қайсысы таратылатынын жазғанбыз.