Үкімет медициналық техниканың негізсіз қымбаттауына тосқауыл қоймақ
АСТАНА. KAZINFORM — Үкімет медициналық техниканы орталықтандырылған сатып алу кезінде бағаны оңтайландыруды және бюджет қаражатын тиімді пайдалануды тапсырды. Негізсіз жоғары баға анықталған жағдайда жедел шара қабылданып, медициналық ұйымдардың қажетті құрал-жабдықпен қамтылуы мен техниканың сапасына қойылатын талаптардың сақталуы қамтамасыз етіледі.
Қазақстан Республикасы Премьер-министрінің бірінші орынбасары Нұрлыбек Нәлібаев медициналық техниканы орталықтандырылған сатып алу мәселелері бойынша кеңес өткізді.
Бағаны қалыптастыру және оңтайландыру тәсілдерін жетілдіру, сондай-ақ бюджет қаражатын тиімді пайдалануды арттыруға және медициналық ұйымдарды қажетті құрал-жабдықтармен қамтамасыз етуге бағытталған нақты шараларды қабылдау мәселелері қаралды.
— Қазіргі жағдайда негізгі міндет медициналық ұйымдардың жабдықтарға жоспарланған ағымдағы қажеттілігін сақтай отырып, үнемдеуді қамтамасыз ету болуы тиіс екені атап өтілді, — делінеген хабарламада.
Кеңес қорытындысы бойынша медициналық техниканың негізсіз жоғары құны анықталған жағдайда жедел шаралар қабылдау, сонымен қатар жабдықтың сапасы мен техникалық сипаттамаларына қойылатын белгіленген талаптардың сақталуын қамтамасыз ету жөнінде тапсырмалар берілді.
Айта кетейік, бұған дейін Нұрлыбек Нәлібаевтың төрағалығымен 124 теміржол вокзалын жаңғырту және реконструкциялау мәселелері бойынша кеңес өткен болатын.