Ұлттық құрылтай Ұлттық құрылтай

Үкімет мемлекеттік ұйымдардың құрылымын өзгертеді: қай мекемелер біріктіріліп, қайсысы таратылады

АСТАНА. KAZINFORM — Қазақстан Үкіметі мемлекеттік басқарудың жекелеген мәселелері туралы қаулы қабылдады. Құжатқа сәйкес, бірқатар мемлекеттік ұйым қайта ұйымдастырылып, кейбір кәсіпорындардың қызметі тоқтатылады.

Қазақфильм
Фото: Александр Павский/Kazinform

Қаулыға сәйкес, «Ғарыш техникасы және технологиялары институты» ЖШС 2028 жылғы 1 наурыздан бастап акционерлік қоғам болып қайта құрылады. Кейін жаңадан құрылған акционерлік қоғам «Қазақстан Ғарыш Сапары» ұлттық компаниясы» АҚ құрамына қосылады.

Мәдениет саласында 2027 жылғы 1 қаңтардан бастап «Камерата Қазақстан» классикалық музыка ансамблі Жамбыл атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық филармонияның құрамына қосылады. Ал бірегей ысқылы музыкалық аспаптардың мемлекеттік коллекциясы Қазақстан Республикасының Орталық мемлекеттік музейіне беріледі.

2027 жылғы 1 шілдеден бастап Ұлттық киноны қолдау мемлекеттік орталығы Шәкен Айманов атындағы «Қазақфильм» АҚ құрамына енгізіледі.

Зағип және нашар көретін азаматтарға арналған республикалық кітапхана Қазақстан Республикасының Ұлттық кітапханасының құрылымдық бөлімшесіне айналады.

Білім беру саласында Балаларды ерте дамыту институты, Арнайы және инклюзивті білім беруді дамытудың ұлттық ғылыми-практикалық орталығы және Республикалық қосымша білім беру оқу-әдістемелік орталығы Ыбырай Алтынсарин атындағы Ұлттық білім академиясының құрамына біріктіріледі.

Денсаулық сақтау саласында Республикалық қан орталығы Ғылыми-өндірістік трансфузиология орталығымен біріктіріледі. Ал «Алатау» балалар клиникалық шипажайы Курортология және медициналық оңалту ғылыми-зерттеу институтының құрамына қосылады.

Сонымен қатар қаулыға сәйкес үш ұйымның қызметі тоқтатылады. Атап айтқанда, 2027 жылғы 1 шілдеден бастап «Talap» коммерциялық емес акционерлік қоғамы, ал 2027 жылғы 1 қаңтардан бастап «Қолданбалы этносаяси зерттеулер институты» ЖШС мен «Достық Энерго» акционерлік қоғамы таратылады.

Үкімет қаулысы 2026 жылғы 1 қыркүйектен бастап күшіне енеді. Алайда оның жекелеген ережелері өзге мерзімдерде күшіне енеді.

Бұған дейін Премьер-Министр Олжас Бектенов жаңа Конституцияның күшіне енуіне байланысты барлық мемлекеттік және қоғамдық институттарды түбегейлі жаңғырту басталғанын мәлімдеген еді.