Ұлттық құрылтай Ұлттық құрылтай

Үкімет мүшелері белсенді дауыс беріп жатыр

АСТАНА. KAZINFORM – Елімізде өтіп жатқан Құрылтай депутаттарын сайлауға Үкімет мүшелері де белсенді қатысып жатыр.

Нұржан Нұржігітов
Фото: ҚР Су ресурстары және ирригация министрлігі

Алғашқылардың бірі болып Су ресурстары және ирригация министрі Су ресурстары және ирригация министрі Нұржан Нұржігітов Қазақстан Республикасының Құрылтай сайлауында дауыс берді. 

- Бүгінгі сайлау – Мемлекет басшысы бастамашылық еткен ауқымды саяси реформалардың нәтижесі саналатын тарихи сәт. Бір палаталы Құрылтайдың құрылуы – Әділетті Қазақстанды қалыптастыру, мемлекеттік билік институттарының тиімділігін арттыру және биыл қабылданған Қазақстан Республикасының Конституциясында бекітілген қағидаттарды іске асыру жолындағы маңызды қадам. Ешбір реформа азаматтардың тікелей қатысуынсыз жүзеге аспайды. Бүгін қазақстандықтар еліміздің алдағы жылдарға арналған даму бағытын айқындайды. Сондықтан бұл күні әр азаматтың дауысы маңызды. Барша отандасымды сайлау учаскесіне барып, өз таңдауын жасауға шақырамын, - деді ол.

Жұмыс сапарымен өңірде шаруашылықтарды аралап, егін жинау науқанымен танысып, аграршылармен және ауыл еңбеккерлерімен кездесіп жүрген Ауыл шаруашылығы министрі Айдарбек Сапаров та таңдау жасады.

Сапаров
Фото: ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігі

- Құрылтайға алғашқы сайлау – еліміз үшін маңызды оқиға. Мемлекет басшысы атап өткендей, Құрылтай елді одан әрі жаңғырту үдерісіне жоғары қарқын беруге тиіс. Сондықтан әр азамат өз таңдауының маңызын және Қазақстанның болашағы үшін жеке жауапкершілігін сезінуі маңызды. Мен үшін бүгінгі күні еліміздің азық-түлік қауіпсіздігінің негізін қамтамасыз етіп отырған аграршылардың жанында болуымның мәні ерекше», – деді министр.

Астанада сайлау учаскесінде алғашқылардың бірі болып дауыс берген Қорғаныс министрі авиация генерал-лейтенанты Дәурен Қосанов әскери қызметшілер мен олардың отбасы мүшелері елдің толыққанды азаматтары екенін және әрқайсысы мемлекеттің болашағын айқындауға өз үлесін қоса алатынын атап өтті.

Қорғаныс министрі
Фото: ҚР Қорғаныс министрлігі

Құрылтай депутаттарын сайлауда дауыс берген Туризм және спорт министрі Ербол Мырзабосынов азаматтардың еліміздің жаңа өкiлдi органын қалыптастыруға қатысуының маңыздылығын атап өтті.

- Бүгін Қазақстанның саяси дамуындағы маңызды кезең. Сайлауға қатысу - азаматтық жауапкершіліктің көрінісі әрі әр азаматтың ел болашағына өз үлесін қосу мүмкіндігі – деді Ербол Мырзабосынов.

Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Аскарбек Ертаев елордадағы №117 жалпы білім беретін мектеп ғимаратында орналасқан сайлау учаскесіне келіп, дауыс беруге қатысты.

- Бүгін - еліміз үшін тарихи күн. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев атап өткендей, жаңа бір палаталы Құрылтайға өтетін алғашқы сайлау барлық азаматтардың игілігіне бағытталған жаңа реформалардың бастау нүктесі болып, Қазақстанның қазіргі тарихында жаңа кезеңнің негізін қалайды. Бұл - еліміздің одан әрі даму бағытын айқындайтын маңызды кезең. Бүгін әрбір азамат өзінің азаматтық ұстанымын білдіріп, Қазақстанның болашағына өз үлесін қоса алады. Осы маңызды оқиғаға қатысуды азаматтық парызым деп санаймын, - деді Аскарбек Ертаев.

Оқу-ағарту министрі Жұлдыз Сүлейменов Құрылтай депутаттарын сайлауға қатысып, ел болашағына байланысты таңдауын жасады.

Жұлдыз Сүлейменова
Фото: ҚР оқу-ағарту министрлігі

- Осындай тарихи күні мен де таңдауымды жасадым. Елдің ертеңін айқындайтын сәтте әрбір азаматтың белсенділігі және азаматтық жауапкершілігі ерекше мәнге ие. Бүгінгі сайлау - Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың бастамасымен жүзеге асырылып жатқан ауқымды саяси реформалардың және еліміздің тарихи жаңғыруының заңды жалғасы. Бұл - жалпыұлттық референдумда халқымыз қолдау білдірген Жаңа Конституция қағидаттарының жүзеге асуының және жаңа саяси институттардың қалыптасуының айқын дәлелі. Бір палаталы Парламент - Құрылтай мемлекет пен қоғам арасындағы байланыстың жаңа деңгейге көтерілуіне негіз болады, - деді министр.

Сыртқы істер министрі Ермек Көшербаев пен Төтенше жағдайлар министрі генерал-лейтенант Шыңғыс Әрінов, Экология және табиғи ресурстар министрі Ерлан Нысанбаев та  Құрылтай депутаттарының сайлауында дауыс берді.