Үкімет отырысы: Премьер-министр министрліктер мен әкімдіктерге қандай тапсырмалар берді
АСТАНА.KAZINFORM — Бүгін Үкімет отырысы өтіп, онда министрлер кабинетінің мүшелері 2026 жылғы қаңтар-маусым айларындағы әлеуметтік-экономикалық даму қорытындысы мен республикалық бюджеттің атқарылу барысын талқыға салды.
Әр салаға жауапты мамандар Қазақстанның қарқынды дамып келе жатқанын, жеткен жетістіктер көп екенін баяндады. Әйтсе де, атқарылатын жұмыстар әлі де көп сыңайлы. Мұны Үкімет басшысының берген тапсырмаларынан байқауға болады.
ҚР Премьер-министрі Олжас Бектенов Үкімет отырысында министрліктерге, жергілікті атқарушы органдарға және басқа да құзырлы мекемелерге нақты міндеттер жүктеді.
Мәселен, Өнеркәсіп және құрылыс министрлігіне металлургияны дамытуды, арнайы экономикалық аймақтардың тиімділігін арттыруды және заманауи инфрақұрылым салуды тапсырды.
— Жаңа Конституцияның қабылдануымен еліміздің әлеуметтік-экономикалық дамуында ауқымды өзгерістер жүзеге асырылуда. Мемлекет басшысы қойған міндеттер аясында тұрақты экономикалық өсудің жаңа моделіне көшу үдерісі жүріп жатыр. Экономиканы белсенді әртараптандыру, заманауи инвестициялық экожүйені қалыптастыру, инновациялық кластерлер мен өнімділігі жоғары индустрияларды дамыту бойынша ауқымды жұмыстар басталды. Үкіметтің қадамы экономика салаларында қолда бар әлеуетті барынша тиімді пайдалануға бағытталып отыр, — деді ол.
Сонымен қатар, Үкімет басшысы экономиканың одан әрі орнықты дамуын қамтамасыз ету үшін қабылдануы тиіс нақты шараларды атады.
— Біріншіден, Өнеркәсіп және құрылыс министрлігі бір ай ішінде металлургия саласын ынталандырудың қосымша тетіктерін әзірлесін. Түсті металлургияда министрлік «Тау-Кен Самұрық» компаниясымен бірлесіп, отандық кәсіпорындардың өндірістік қуаттарын толық жүктеуді, оның ішінде импорттық алтынды ел ішінде аффинаждау үшін жеткізуді қамтамасыз етсін. Қара металлургияда Qarmet компаниясын жаңғырту бағдарламасы аясында ішкі және сыртқы нарықтарда барынша сұранысқа ие өнім түрлерінің тізбесін кеңейтсін, — деді ол.
Ал өңдеуші сектордың өсу қарқыны инвестициялық жобалардың уақытылы іске асырылуына байланысты.
— Өңір әкімдіктерімен бірге бір апта ішінде барлық инвестициялық жобаларды мұқият тексеріп шығып, проблемалық мәселелерді анықтауды және оларды шешудің нақты шараларын айқындауды тапсырамын. Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес арнайы экономикалық аймақтардың тиімділігін арттырудың жаңа тетіктері әзірленді. Өнеркәсіп министрлігі бір ай ішінде жаңа тетіктерді іске қосу үшін Үкіметке тиісті түзетулер жобасын енгізсін, — деді Олжас Бектенов.
Одан бөлек, құрылыс жұмыстарының өсу қарқынын сақтап, тұрғын үйді пайдалануға беру мәселесін ерекше бақылауда ұстау қажет.
— Әрбір нысан бойынша тұрақты мониторинг жүргізіліп, туындайтын мәселелер жедел түрде шешілуге тиіс. Мемлекет басшысы әлеуметтік және инфрақұрылымдық нысандар салуға арналған ауқымды бағдарламаны қолға алуды тапсырды. Бұл бастама жақын арада ел азаматтарының тұрмыс сапасын жақсартуға мүмкіндік береді. Заманауи денсаулық сақтау нысандарын салуға ерекше басымдық беру қажет, — деді Олжас Бектенов.
Энергетика саласында қандай олқылықтар бар
Үкімет отырысында энергетика саласы да назардан тыс қалған жоқ. Премьер-министр Энергетика министрлігіне саланы дамыту бойынша тапсырма берді.
— Мұнай мен газ өндірудің жоспарланған көрсеткіштеріне қол жеткізу мақсатында Энергетика министрлігі барлық жер қойнауын пайдаланушылармен келіссөздер жүргізіп, нақты іс-қимыл жоспарын әзірлеуге тиіс. Бұдан бөлек, көмір химиясының қолда бар әлеуетін ескере отырып, көмірді қайта өңдеу жобаларына жеке инвестицияларды арттыру жұмысын жандандыруды және әлеуетті инвесторларды қолдау шараларын кеңейтуді тапсырамын, — деді ол.
Одан бөлек, Олжас Бектенов Үкімет отырысында еліміздегі бірқатар энергетикалық нысанның құрылыс барысына тоқталды.
Үкімет басшысының сөзінше, экономиканың дамуы елімізді одан әрі индустрияландыру мен цифрландыру, сондай-ақ, инфрақұрылымға деген өсіп келе жатқан сұранысты қамтамасыз ету үшін энергетикалық қуаттарды арттыруды талап етеді.
Ол Энергетика министрлігі мен «Самұрық-Қазына» қорының басшылары Алматы электр станциялары мен Түркістан облысындағы бу-газ қондырғысының уақытылы іске қосылуына тікелей жауап беретінін еске салды.
Премьер-министрдің мәлімдеуінше, энергетика саласындағы жобаларда олқылықтар бар. Әсіресе, Алматыда салынып жатқан жаңа жылу электр орталықтарындағы жұмыс қарқыны көңіл көншітпейді.
— Самрұқ-Энергоның басшысы, Қайрат Мақсұтов. Өткен аптада Энергетика министрі Алматыға барып, екінші және үшінші жылу электр орталығын тексеріп келді. Үшінші жылу электр орталығы бойынша жағдай мәз емес. Жұмыс қарқыны өте төмен. Егер жылдың соңына дейін бітірмесеңіздер, сіздің жеке қатаң жауапкершілігіңіз қаралатын болады. Күнделікті бақылауға алыңыз. Мұндай жағдайды доғару керек, — деді ол.
Транзиттік тасымал саласында мақсат биік
Еліміз Транзиттік тасымал көлемін жылына 55 млн тоннаға жеткізуді жоспарлап отыр. Бұл да — Премьер-министрдің мәлімдемесі.
Оның сөзіне жүгінсек, көлік секторында қыруар шаруа атқарылуы тиіс. Сол себепті, Олжас Бектенов Көлік министрлігіне саланы дамыту бойынша бірқатар тапсырма берді. Соның ішінде кей жобалар биыл аяқталуы керек.
— Көлік саласында теміржол арқылы транзиттік тасымал көлемін жылына 55 млн тоннаға дейін ұлғайтуға тікелей ықпал ететін бірқатар жоба іске асырылуда. Көлік министрлігі «Қазақстан темір жолы» компаниясымен бірлесіп, осы жылдың соңына дейін негізгі теміржол желілерінің құрылысын, яғни Дарбаза — Мақтаарал және Мойынты — Қызылжар, сондай-ақ вокзалдарды жаңғырту жұмыстарын аяқтасын, — деді ол.
Сонымен бірге, Үкімет басшысының сөзінше, автомобиль жолдарын салу және күрделі жөндеу жұмыстары аясында олардың нормативтік талаптарға сәйкес келуін қамтамасыз ету қажет және мультимодальды транзит көлемін арттыру үшін көлік саласын цифрлық трансформациялау керек.
— Көлік министрлігі Жасанды интеллект министрлігімен бірлесіп, заманауи цифрлық құралдарды енгізуді, содан кейін оларды Smart Data Transport бірыңғай деректер көліне біріктіруді қамтамасыз етсін. Бұл саланың ашықтығын арттыруға және жасанды интеллект негізіндегі шешімдерді белсенді түрде енгізуге мүмкіндік береді, — деді ол.
Ауыл шаруашылығы басты назарда
Олжас Бектенов Ауыл шаруашылығы министрлігіне де саланы дамыту бойынша бірқатар міндет жүктеді.
Оның сөзінше, ауыл шаруашылығында вегетациялық кезеңнің тұрақтылығын қамтамасыз етіп, егін жинау науқанын сапалы өткізу және инвестициялық жобаларды уақытылы іске асыру — негізгі міндеттер.
— Өткізу нарықтарын кеңейту және отандық өнімнің бәсекеге қабілеттілігін арттыру мақсатында Ауыл шаруашылығы министрлігіне Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігімен бірлесіп, Азық-түлік корпорациясына астық өңдеу өнімдерін тасымалдау кезінде шығындарды өтеу жөніндегі оператордың өкілеттіктерін беруді тапсырамын, — деді Премьер-министр.
Сонымен қатар, отандық кәсіпорындарды қолдау мақсатында Ауыл шаруашылығы министрлігі «Атамекен» Ұлттық палатасымен бірлесіп, мақта өңдеу кәсіпорындарын жаңғыртуға және қант қызылшасын тасымалдауға инвестициялық субсидиялау тетігін енгізуі тиіс.
Ал өңірлердің әкімдіктері Ауыл шаруашылығы министрлігімен бірлесіп, нарықты ет өнімдерімен толықтыру және оның экспортын ұлғайту үшін Мал шаруашылығын дамыту бағдарламасы аясында асыл тұқымды мал басын сатып алу жұмысын жеделдетуге міндеттелді.
Одан бөлек, Үкімет басшысы жергілікті атқарушы органдарға өндіріс орындарын, инвестициялық жобаларды және тауар айналымын ұлғайту бойынша тағы бірқатар міндет жүктеді.
— Еліміздегі жалпы тауар айналымының 70%-дан астамы бес өңірге тиесілі. Олар — Астана, Алматы, Шымкент, Атырау және Қарағанды облыстары. Әр облыс сауданың өсуін қамтамасыз ету үшін өз әлеуетін тиімді пайдалануы қажет. Бұл бағытта шекара маңындағы өңірлердің, сондай-ақ туристік тартымдылығы жоғары аумақтардың мүмкіндіктері мол. Арнайы экономикалық және индустриялық аймақтардың әлеуетін пайдаланып, олардың базасында заманауи сауда, қайта өңдеу және кәсіпкерлік орталықтарын дамыту қажет. Өңір әкімдіктеріне аймақтардың өсіп-өркендеуіне жол ашатын нақты өндіріс орындарын, инвестициялық жобаларды және тауар айналымын ұлғайту жөніндегі нысаналы көрсеткіштерді айқындай отырып, бір ай мерзімде Сауданы дамытудың өңірлік жол карталарын әзірлеуді тапсырамын, — деді ол.
Сонымен бірге, Үкімет басшысы Сауда және интеграция министрлігіне аталған жұмысты үйлестіру мен орындалуын бақылауды тапсырды.
Ал шағын және орта бизнес экономикалық өсімнің негізгі қозғаушы күші болып қала береді.
— Біз осы саланың одан әрі дамуы үшін қажетті жағдайлардың бәрін жасауымыз керек. Барлық мемлекеттік орган «Атамекен» Ұлттық палатасымен бірлесіп, өңірлердегі кәсіпкерлермен олардың бизнес-бастамаларын жан-жақты қолдау мақсатында өзара тығыз жұмыс істеуі қажет. Туындаған барлық проблемалық мәселелер жедел түрде шешімін табуға тиіс, — деп түйіндеді Олжас Бектенов.
Айта кетейік, бұған дейін Премьер-министр газ саласын дамыту бойынша бірқатар міндет жүктегенін жазғанбыз.