Үкімет ұзақ мерзімді өндірістік қабілеттілікті жоғарылатуға басымдық бермек

АСТАНА. KAZINFORM — Бұл өз кезегінде жалпы ішкі өнім өсуі мен жалақының артуы арасындағы алшақтықты біртіндеп жоюға алып келеді.

Жұманғарин
Фото: Ағыбай Аяпбергенов/ Kazinform

Бұл туралы Үкімет отырысында макроэкономикалық тұрақтандыру және халықтың әл-ауқатын арттыру жөніндегі бірлескен іс-қимыл бағдарламасын таныстырған Премьер-министрдің орынбасары — Ұлттық экономика министрі Серік Жұманғарин айтты.

— Экономикалық өсудің сапасы туралы айтатын болсақ, Үкімет тек жалпы ішкі өнім құрылымы салаларындағы өсуді ғана мақсат етпейді. Өсуді қамтамасыз етуде адами капитал, негізгі капитал, табиғи ресурстар, еңбек өнімділігі және технологиялар сияқты маңызды факторлардың үлесі ескерілетін болады. Осыған байланысты әлеуетті жалпы ішкі өнім бойынша экономикалық өсудің декомпозициялануы өзекті болып отыр. «Жиынтық өнімділік» өсудің ең маңызды факторы саналады. Ол экономикалық өнімді құру процесінде еңбек пен капитал сияқты барлық өндіріс факторларын пайдалану тиімділігін өлшейді, — деді вице-премьер.

Оның айтуынша, жиынтық өнімділіктің өсуі тиімділіктің жақсарғаны мен технологиялық прогресті көрсетеді. 2001-2024 жылдар кезеңінде осы фактордың экономика өсуіне қосқан үлесі орта есеппен 2,4 пайыздық тармақты құрады. Капитал салымы орта есеппен — 1,8 пайыздық тармақ, ал еңбек салымы — 1,3 пайыздық тармақ.

— Еңбек өнімділігін, тиімді жұмыспен қамтуды және капиталдың технологиялық деңгейін арттыру арқылы ұзақ мерзімді өндірістік қабілеттілікті жоғарылатуға басымдық беріледі. Бұл өз кезегінде жалпы ішкі өнім өсуі мен жалақының артуы арасындағы алшақтықты біртіндеп жоюға алып келеді. Ұлттық экономика министрлігі Халықаралық валюта қорымен бірлесіп, қазіргі заманғы әдістерді пайдалана отырып, осы факторлардың жалпы ішкі өнім өсуіне қосқан үлесін тұрақты бағалауды жүргізетін болады, — деді Серік Жұманғарин.

Айта кетейік, Министрлер кабинетінің мүшелері халықтың әл-ауқатын арттыру жөніндегі бірлескен іс-қимыл бағдарламасын талқыға салып жатыр.

Соңғы жаңалықтар