Үкіметте көлеңкелі лобби бар — Депутат лудомания туралы заң жобасының кешігіп жатқанына наразы
АСТАНА. KAZINFORM — Мәжіліс депутаты Елнұр Бейсенбаев Үкіметтің лудомания туралы заң жобасын 1,5 жыл бойы ұстап отырғанын айтып, Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің осы іске араласуын сұрады.

«Кейбір ресми де бейресми де мәлімет бойынша, құмар ойындарының нарығында 1 трлн теңгеден астам ақша айналып жүр. Аталған заң жобасы (Лудомания туралы — ред) әлі Үкіметте жатыр. Мәжіліс оны сіздерге қорытынды жасауға ұсынғанбыз. Біз бәрі заң негізінде жұмыс істегенін қалаймыз. Бірақ Үкіметтің осы заң жобасын ұстап отырғанына 1,5 жыл болды. Осы жерде менің Үкімет тарапына нақты күдігім бар. Бәлкім қателесетін шығармын, бірақ сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметке ұсынысым бар. Үкімет неге ол заң жобасын ұстап отыр? 1,5 жыл болды. Ол жерде жемқорлық тәуекелі бар деген күдік туындайды. Адамдардың қандай да бір мүддесі болуы мүмкін. Бүкіл букмекерлік кеңселер, лотерея бизнесімен айналысатын көп адам көлеңкелі кездесулерде ол заң жобасын сіздерге өткіздірмейміз деп айтатын көрінеді. Бар күшімізбен жібермей қаламыз дейді. Қандай күшпен дейсіздер? Олардың үлкен ақша ұсынғысы келетіні айқын», — деді депутат.
Сондай-ақ, ол аталған мәселені жаңадан тағайындалған Премьер-Министрдің алдына қоятынын айтты.
«Осы жұмыс жөнінде үлкен күдігім бар. Жемқорлық қайда жасырынып жатыр дейміз? Міне, осындай үлкен, қоғамға өте қажет заң жобасын кідіртіп отыр. Иә, біз құмар ойындарын ойнауға хақылы адамдардың жасын 25-ке дейін етіп шектегіміз келеді. Мәселе неде? Президент тапсырма береді, Amanat фракциясында талқылаймыз. Ал заң жобасы тоқтап тұр. Ортақ пайымға келе алмай отырсыздар. Келе алмай отырсаңыздар жақсы ғой. Мен 100 пайыз ол жерде үлкен көлеңкелі мүдде бар деп есептеймін. Жаңа Премьер-Министрдің алдында осы тапсырманы міндетті түрде қоямыз. Алдымызда Үкімет өкілдері отыр. Өтініш, осы жұмысты қолға алыңыздар», — деді Елнұр Бейсенбаев.