Үкіметте Павлодар облысының әлеуметтік саласын дамыту мәселелері қаралды
АСТАНА. KAZINFORM — Премьер-министрдің орынбасары — мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаеваның төрағалығымен Павлодар облысының әлеуметтік саласын дамытуға қатысты мәселелер талқыланды, деп хабарлайды Үкіметтің баспасөз қызметі.
Жиынға әлеуметтік блокқа жетекшілік ететін салалық министрліктердің басшылары мен облыс әкімі Асайын Байханов қатысты.
Өңірде қол жеткізілген оң нәтижелермен қатар, шешімін күтетін мәселелер де бар екені атап өтілді. Атап айтқанда, денсаулық сақтау саласында медициналық кадрларды даярлауды күшейту және халықпен жүйелі түсіндіру жұмыстарын жүргізу қажетіне назар аударылды. Оның ішінде вакцинацияға қатысты медиажоспар әзірлеу міндеті белгіленді.

Білім беру саласында орта білім сапасын арттыруға, сондай-ақ білім беру ұйымдары басшыларының басқарушылық құзыреттерін күшейтуге басымдық берілді. Бұл ретте өңірдің инклюзивті білім беруді дамытудағы жоғары көрсеткіштерін сақтау маңызды екені атап өтілді.
Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау бағыты бойынша әлеуметтік келісімшартты іске асыру, әлеуметтік саланың бірыңғай цифрлық платформасының жұмыс істеуі және көші-қон саясатына қатысты мәселелер қаралды.
Сондай-ақ бұқаралық спортты дамыту, спорттық инфрақұрылымның қолжетімділігі және туризм мәселелері талқыланды. Баянауыл курорттық аймағы жыл сайын есептік мүмкіндіктерінен асатын көлемде демалушыларды қабылдайтыны айтылды.

— Кеңес қорытындысы бойынша Аида Балаева облыс әкімдігіне әрбір бағыт бойынша нақты шаралар қабылдауды, қызметтер сапасын арттыруға бағытталған жүйелі жұмысты күшейтуді, мамандардың біліктілігін арттыруды және кадр тапшылығын кезең-кезеңімен төмендетуді тапсырды, — делінген хабарламада.
Осыған дейін Президент тапсырмаларын жүзеге асыру аясында Премьер-министр Олжас Бектеновтің төрағалығымен Алатау қаласын дамыту жөніндегі кеңестің отырысы өткенін жазған едік.