ҰКП: Мұнай базаларына есептегіш құрылғылар орнатуды кейінге қалдыру керек

АСТАНА. ҚазАқпарат -Қазақстанның «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасы еліміздегі мұнай базаларына бақылайтын есептегіш құрылғыларды орнатуға асықпау керектігін алға тартып, оны кейінге қалдыруды сұрайды. Бұндай мәселе ҰКП Мұнайгаз өнеркәсібі комитетінің 13-і отырысында талқыланған болатын.

ҰКП: Мұнай базаларына есептегіш құрылғылар орнатуды кейінге қалдыру керек

Палатаның баспасөз қызметінің хабарлауынша, қолданыстағы заңға сәйкес. елімізде 2016 жылдан бастап барлық мұнай базаларында бақылайтын есептегіш құрылғылар орнату көзделген. Осы мәселеге байланысты «Атамекен» ҰКП ондай құрылғыларды орнатудан бас тарту немесе орнату мерзімін кейінге шегеру туралы Қаржы министрлігіне ұсыныс жолдамақ. Кәсіпкерлер палатасы мүшелерінің пікірінше, мұнай базаларында есептегіш құрылғыларды міндетті түрде орнату мен бақылау құралдарының қызметі айтарлықтай күрделі қаржылық шығындармен қоса біршама уақытты қажет етеді.

«ҰКП бүгінгі таңда ондай жұмыстарды атқару бизнестің осы сегментіне қосымша ауыртпалық түсіреді деп санайды. Оның үстіне аталған шаралардың мұнай нарығын бақылау және мониторинг саласы бойынша мемлекетке тиімділігі де расталмаған. Айта кетерлігі, бақылайтын есептегіш құрылғылар орнату туралы ереже «Мұнай өнімдерін өндіру және оның жекелеген түрлерінің айналымын мемлекеттік реттеу туралы» заң қабылданғаннан кейін төрт жыл өткен соң, яғни ағымдағы жылдың маусым айында ғана бекітілген. Осылайша, мұнай базалары мен мұнай өңдеу зауыттары есептегіш құрылғылар орнатудың барлық процедураларын жарты жыл ішінде атқаруы тиіс екен. Сонымен қатар, бұл жұмыс бір мезетте еліміздегі 350-ге тарта мұнай базаларының барлығында бірдей ағымдағы жылдың соңына дейін жүзеге асуы тиіс. Ал бұның өзі ішкі нарықты мұнай өнімдерімен қамтамасыз ету жұмысында айтарлықтай қауіп туындатуы мүмкін», - делінген баспасөз баянында.

Айта кетерлігі, заңнамада аталған есептегіш құрылдарды орнатуға қатысты талаптар сақталмаса, мұнай базаларына қатаң санкциялар салынатыны да көрсетілген. Осыған орай, мәселені егжей-тегжейлі талқылаған Ұлттық кәсіпкерлер палатасы Қаржы министрлігіне өз ұсыныстарын жолдау туралы шешім қабылдады.