Украинада президент сайлауының бірінші кезеңінің қорытындысы шығарылды
АСТАНА. Қаңтардың 20-сы. ҚазАқпарат - Украинаның Орталық сайлау комиссиясы қаңтардың 17-сінде өткен президент сайлауының бірінші кезеңінде берілген дауыстарды санауды аяқтады.
Хаттамаларды 100 пайыз санап шыққаннан кейін де қорытынды мәліметтер аса өзгере қойған жоқ, бұрынғысынша Виктор Янукович алда келеді. Ал одан 10 пайыз кейін Юлия Тимошенко тұр, деп хабарлады Орталық сайлау комиссиясынан.
Украина Орталық сайлау комиссиясының сайтындағы кандидаттардың алғашқы бестігі бойынша мәлімет төмендегідей: Виктор Янукович 35, 32 пайыз дауыс алса, Юлия Тимошенко - 25,05 пайыз, Сергей Тигипко -13,06 пайыз, Арсений Яценюк 6,96 пайыз дауыс алды. Бестікті елдің қазіргі президенті Виктор Ющенко 5,45 пайыз дауыспен қорытындылап тұр.
Комиссия сайлаудың ресми қорытындысын кешірек жариялайды.