Ұлан ауданында Халық қаһарманы Қасым Қайсеновтің 100 жылдығы аталып өтті
ӨСКЕМЕН. ҚазАқпарат - Халық қаһарманы Қасым Қайсеновтың 100 жылдығы салтанаты Ұлан ауданының орталығы - Қасым Қайсенов кентінде кең ауқымда аталып өтті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Салтанатты шараның негізгі бөлігі кенттегі Батырлар аллеясында ұйымдастырылды. Екінші дүниежүзілік соғыста жасындай жарқылдаған батырдың туғанына биыл тура 100 жыл толып отыр. Батырдың жиені Найля Мажренованың айтуынша, Қасым Қайсенов қашан да соғысты еске алғысы келмей өткен екен. Туған-туыстары батырының көзсіз ерліктерін көбінесе соғыстағы қатарлас сарбаздардан естіген.
Украинада «Вася аға» атанып кеткен Қасым Қайсенов өмірінде өте қарапайым, батырмын деп кеуде керуді білмейтін қазақтың нағыз мақтан тұтар азаматы болған.
Салтанатты шара барысында Шығысқа ат басын бұрған ақын, Мемлекеттік сыйлықтың иегері Қазақстан Жазушылар одағының төрағасы Ұлықбек Есдәулет пен Семейдің «Жас Ұлан» колледжінің курсанттары монумент алдында гүл шоқтарын қойды.

«Қасым Қайсенов - аңыз адам. Оны тек Қазақстанда ғана емес, Украинада, Ресейде асқан батыр деп білді. Ол жау табанының астында қалған аумақта партизандық қозғалыстарды іске асырған батырлардың бірі болды. Оның өмірі мен еңбегі бізге әрдайым үлгі болып қала береді», - деді ШҚО әкімінің орынбасары Шалқар Байбеков.
Батырдың құрметіне орай аллеяға туыстары мен меймандар ағаш егіп, бұдан кейін Қасым Қайсенов кентінде бокстан республикалық турнир және әскери-патриоттық әндер байқауы басталып кетті.
Еске сала кетсек, Қасым Қайсенов 1918 жылдың 23 сәуірінде қазіргі Шығыс Қазақстан облысы Ұлан ауданы Асу-Бұлақ ауылында дүниеге келген. Қазіргі таңда аталған ауданның орталығы - Қасым Қайсенов кенті (бұрынғы Молодежный кенті) деп аталады. Әйгілі партизан 1934 жылы мектеп бітіріп, Өскемендегі саяси-ағарту техникумына түседі. Арада төрт жыл өткеннен кейін Павлодар қаласындағы облыстық оқу бөлімінің саяси-ағарту жөніндегі нұсқаушысы болып жұмысқа тұрған. Қызмет барысында өзгелерден ерек, әрі талабы ұшқыр жас жігіт әскер қатарына шақырылып, дағдысына қарай әскери-барлау мектебіне оқуға жолданады. 1941 жылы Мәскеу қаласындағы барлаушылар мектебінде оқып жүрген кезінде соғыс өрті лап ете түскен еді.
23 жастағы қазақтың қайсар жігіті соғыс басталған жылы жаудың табанында қалған Украина жеріне жіберіледі. «Қасым деп атады, ал фронтта мен Вася болдым...» деп кейін өзі еске алғанындай, ол Булатов Василий Михайлович атымен жаудың тылында жалған құжатпен күрес жүргізеді. Ол кезде Украина жері - нағыз желдің өті, жаудың беті болатын. Чапаев атындағы партизан құрамасының үшінші жасағын басқарған батыр күтпеген жерден жауға тап беріп, із қалдырмас нағыз әккі ұрысты жүргізе білген. Топтасып шықса дұшпан қолының апыр-топырын шығаратын партизандар ерліктің нағыз үлгісін көрсеткен еді. Соңына бес жүз партизанға дейін ертіп алып, қапыда жауды састыратын Қасымның ерлігі ол тұста Мәскеуге аңыз боп жетіп жататын. Себебі, жүрек жұтқан көзсіз партизандардың алдыңғы шебінде қазақтың Қасымы жүрген еді.
Соғыс аяқталғанға дейін Украинаның Закарпатье, Молдавия, Чехословакия, Румыния жеріндегі партизан қозғалыстарында Қасым батыр жасындай жарқылдайды. Отряд командирі болған шағында жау тылында жүздеген жорықты басынан өткереді. 1944 жылы Украинаның Закарпатьесі мен Карпатты азат етуге қатысқан. Соғыс аяқталған соң Отанына - Қазақстанға оралып, Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесінің Президиумы аппаратында жауапты қызметте болады. Одан кейін Жамбыл облысының Жуалы, Свердлов аудандарында атқару комитеттері төрағаларының орынбасары болып еңбек етеді.
Қаламгер-партизанның қаламынан «Илько Витряк», «Переяслав партизандары», «Ажал аузынан», «Жау тылындағы бала», «Днепрде», «Жау тылында» атты кітаптар дүниеге келіп, шынайы ерлікті бейнелеген еңбектері оқырманның зор сұранысына ие болған.