Ұлан-Батырдағы Дашичойлин ғибадатханасында ядролық қару сынақтары құрбандарын еске алды (ФОТО)

БЕЙЖІҢ.ҰЛАН-БАТЫР. ҚазАқпарат - Қазақстан Республикасының Моңғолиядағы Елшілігі кеше, 29 тамыз - Халықаралық ядролық сынақтарға қарсы күрес күні, АТОМ Жобасы аясында Моңғолияның Ұлан-Батыр қаласындағы Буддистер орталығы - Дашичойлин ғибадатханасында ядролық қару сынақтарының құрбандарын еске алу арнайы шарасын өткізді.
None
None

Шара аясында қатысушыларға «АТОМ - Abolish Testing is Our Mission» атты арнайы тақырыптық фотокөрме ұйымдастырылды.

Іс-шараға Моңғолияның қоғамдық-саяси және діни тұлғалары, Ұлан-Батырдағы дипломатиялық корпустардың және халықаралық ұйымдардың, қазақ диаспоралары, сондай-ақ, жергілікті БАҚ өкілдері қатысты.

Елші Қ.Қобландин сөйлеген сөзінде Қазақстан өз тәуелсіздігінің алғашқы күндерінен бастап ғаламдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету, соның ішінде, жаппай қырып-жою қаруын таратпау және ядролық қарусыздандыру мәселелерін бірінші кезекке қойғанын атап өтті.

Президент Н.Назарбаевтың 1991 жылғы Жарлығымен Семей ядролық полигонының жұмысы тоқтатылып, Қазақстан ядролық әлеуеттен өз еркімен бас тартты. Еліміз Вашингтон, Сеул және Гаагада 2010, 2012 және 2014 жылдары өткен Ядролық қауіпсіздік жөніндегі форумдарға тұрақты қатысып, БҰҰ Бас Хатшысы Пан Ги Мунның мәлімдегеніндей, Қазақстан ядролық қаруды таратпау үрдісінде әлем мойындаған көш басшыға айналды.

2009 жылы БҰҰ Бас Ассамблеясы Қазақстан Республикасының Президенті Н.Назарбаевтың бастамасымен 29 тамызды Халықаралық ядролық сынақтарға қарсы күрес күні деп жариялады.

Сонымен қатар 2012 жылдан бері қазақстандық бастамамен жүзеге асып отырған «АТОМ» жобасының да маңыздылығы атап өтілді.

Дашичойлин ғибадатханасының басшысы Хамба-Лама Ч.Дамбажав өз сөзінде, Президент Н.Назарбаевтың Қазақстанның ғаламдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету және әлемде бейбітшілікті сақтау мақсатындағы бастамаларына баса назар аударды. "АТОМ" жобасының бүгінгі таңда аса өзекті екендігін айтты. Ғибадатхана өкілдері дұға оқып, қатысушылар ядролық қару сынақтарының құрбандарын еске алып, бір минут үнсіздік жариялады.

Соңғы жаңалықтар