16:28, 17 Наурыз 2017 | GMT +5
Үлбі металлургиялық зауыты 3D принтерлердің бөлшегін шығаруды бастайды
ӨСКЕМЕН. ҚазАқпарат - 2017 жылы «Үлбі металлургиялық зауыты» АҚ бірегей жобаларды - магниттік резонанстық томографқа арналған өткізгіштігі тым жоғары сымдарды, тантал жабылған медициналық қондырғылар мен 3D принтерлерге арналған негізгі құрауыштарды өндіруді жүзеге асырады, деп хабарлайды «ҚазАқпарат» ХАА тілшісі.
«УМЗ» АҚ басқарма төрағасы Юрий Шахворостовтың айтуынша, тантал - адам ағзасымен үйлесім табатын ерекше металл, сондай-ақ, тантал мықты қорытпаларда қолданылады.
Тантал жабыны басқа металдардың сипаттамасын өзгертіп, олардың беріктігін арттырады - бұл зауыттық ноу-хау.
«Титан ұнтағынан имплант (буын) жасалынып, вакуум камерасында танталды шаңдатамыз. Буынды 3D-принтерінде басып шығарамыз. Сондай-ақ, 3D принтерде басып шығарудан бөлек, осы принтердің негізгі құрауышы саналатын тантал ұнтақтарын өндіруді де қолға аламыз. Бұл сирек кездесетін зат. Биылғы жылы осы жобаны жүзеге асыруды жоспарлаудамыз», - деп атап өтті Шахворостов.