Ұлдана Мырзуан ісі: Фельдшер өлімінен кейін бөлімше командирінің қызметі төмендеген

АСТАНА. KAZINFORM – Қараша айында қаза тапқан фельдшер ісі бойынша сот отырысы жалғасып жатыр. Кезекті куәгер ретінде оқиға орнындағы құтқару жұмыстарына қатысқан Астана қаласы Төтенше жағдайлар департаментінің қызметкері Аян Кеміпров жауап берді. Ол қайғылы оқиғадан кейін бөлімше командирі қызметінен өрт сөндіруші қызметіне төмендегенін айтты.

Дело о гибели Улданы Мырзуан
Фото: Виктор Федюнин/ Kazinform

Куәгердің сөзінше, кадрлық шешім осы оқиғадан кейін қабылданған. Оған рапорт жазу ұсынылып, басқа бөлімге ауыстырылған. Бұл ретте оған қатысты жеке тәртіптік іс жүргізілмеген.

А.Кемпіров өз қызметінің төмендетілуі жұмыс барысында жіберген кемшіліктеріне байланысты ма деген сұраққа нақты жауап бере алмады.

– Қазір өрт сөндірушімін. Осы жағдайға байланысты қызметім төмендетілді. Оқиға болған күні бөлімше командирі болдым. Бұйрық бойынша рапорт жаздым. Содан кейін басқа бөлімге ауыстырылдым, – деді Кеміпров.

Куәгер рапорттың мазмұнына қатысты пікір білдіруден бас тартты.

Сонымен бірге А.Кемпіров ғимарат қасбеті құлаған жерде құтқарушылардың қалай жұмыс істегенін айтып берді. Ол бес адамнан тұратын бөлімше құрамында оқиға орнына барған. Куәгердің айтуынша, үйінділердің арасында кондиционер болған. Алайда құтқарушылардың негізгі міндеті адамдарды құтқару болғандықтан, құрылыс элементтерінің нақты көлемін бағалай алмаған.

Кейін ТЖД-ның басқа қызметкерлері шатырға көтеріліп, онда жатқан кірпіштерді алып тастаған.

Бұдан бөлек, сотта оқиға орнында болған қарауыл бастығы кейін өз еркімен жұмыстан шығу туралы рапорт жазғаны айтылды. А.Кеміпровтың айтуынша, бұл мамыр айында болған, алайда жұмыстан шығу себептерін нақты білмейді.

Бұған дейін сот алдында Төтенше жағдайлар департаментінің кезекші бөлім бастығы Ризабек Дайыров жауап берген еді. Ол ғимарат қасбеті құлаған соң құтқарушылардың қалай әрекет еткенін айтып берді және шұғыл қызметтердің өзара іс-қимыл тәртібін баяндады.

Тағы бір жәбірленуші алған ауыр жарақатын айтып, өтемақы талап етті.