Ұлдана Мырзуан ісі: Сот бұрынғы ПИК төрағасын тыңдады

АСТАНА. KAZINFORM — Астанада фельдшер қазасына қатысты сотта айыпталушы Сәуле Жұбаниязоваға дейін Пәтер иелері кооперативін басқарған Гүлжаухар Ахметовадан жауап алынды. 

Ұлдана Мырзуан ісі: Сот бұрынғы ПИК төрағасын тыңдады
Фото: видеодан алынған скрин/ЖИ арқылы өңделген

Тұрғындар үйдегі жарықтарға шағымданған

Өз жауабында Гүлжаухар Ахметова пәтер иелерінің шағымдары, үйдің техникалық жағдайы және әр жылдары жүргізілген жөндеу жұмыстары туралы айтып берді.

Оның айтуынша, тұрғындар екі чатта байланысқан. Бірінде ресми ақпарат пен қаржылық есептер жарияланса, екіншісі көршілердің өзара сөйлесуіне арналған.

Прокурор куәгерден үйдің жағдайына қатысты шағымдар туралы сұрады. Гүлжаухар Ахметова 29-пәтер иесінің шағымын еске алды. Осы өтініштен кейін 2017 жылы үйдің техникалық жағдайы тексерілген.

Сонымен қатар 36, 40 және 45-пәтерлердің тұрғындары да қабырғалардағы жарықтарға шағымданған. Куәгердің айтуынша, пәтерлердің бірінде еденде де жарық пайда болған.

— 36-пәтердің тұрғыны қабырғада жарық пайда болғанын айтып шағымданды. 40-пәтерде қабырға мен еденде жарық болған. 45-пәтерден де дәл осындай шағым түсті. Бұл мен жұмысқа келмей тұрып, 2005 немесе 2006 жылдары үйді қабылдау кезінде болған, — деді Гүлжаухар Ахметова.

Жарықтар қалай жөнделді 

Куәгердің айтуынша, тұрғындар шағымданғаннан кейін оқиға орнына әкімдік өкілдері келген. Тұрғындарға жарықшақтың пайда болуын кірпіш үйдің шөгуі деп түсіндірген.

Гүлжаухар Ахметова шатырды жөндеу кезінде де қабырғалардан жарықтар табылғанын айтты. Оларды жөндеу үшін өнеркәсіптік альпинистер тартылған.

— Мен жұмысты қабылдап алған кезде шатырды жөндедік. Сол кезде осы жарықтарды көріп, жөндеу жұмыстарын жүргіздік. Альпинистерге үйдің шетін де тексеруді тапсырдым, себебі ол жерге де қатысты шағым болған, — деді ол.

Бұрынғы төрағаның сөзінше, жөндеу жұмыстары негізінен бірлестік қаражаты есебінен жүргізілген. Бұл үшін тұрғындардан қосымша мақсатты қаражат жиналмаған.

Сондай-ақ ол үйді тексерген өнеркәсіптік альпинистердің жұмысына ақы төленгенін айтты.

Бұған дейін сот алдында Төтенше жағдайлар департаментінің кезекші бөлім бастығы Ризабек Дайыров жауап берген еді. Ол ғимарат қасбеті құлаған соң құтқарушылардың қалай әрекет еткенін айтып берді және шұғыл қызметтердің өзара іс-қимыл тәртібін баяндады.

Фельдшер өлімінен кейін ТЖД бөлімше командирінің қызметі төмендеген.