Үлескер атанбас бұрын «он рет өлшеп, бір рет кес»

АСТАНА. ҚазАқпарат - 2007 жылғы дағдарыс кезінде 450 тұрғын үй кешенінің құрылысы тоқтап қалып, 68117 үлескер зардап шеккен болатын. Бұл дауға ақыры мемлекет араласып, шешіп берді. Соған қарамастан үлескерлер мәселесі бүгін де өзектілігін жойған жоқ.
None
None

Өйткені, тұрғындардың аңқаулығын пайдаланып, қаржысын жиып алғанымен баспанасын уақтылы салып бермейтін құрылыс компаниялары жетіп артылады.

Жылжымайтын мүлік нарығында үлескерлер қаржысы есебінен үй салатын көптеген компаниялар жұмыс істейді. Сондықтан, бұл орайда Астана қаласы әкімдігі бірнеше кеңестер ұсынады. Тұрғындар өздері заңнан сауатты әрі барынша сақ болғаны жөн. Ең әуелі құрылысшы компанияның тәжірибесіне мән беру керек. Компанияның тапсырыс беруші ретіндегі жұмыс тәжірибесі 3 жылдан кем емес, ал пайдалануға берген пәтері 100 пәтерден кем болмауы тиіс. Есепшотында кем дегенде 100 мың айлық есептік көрсеткіш көлемінде жеке капиталы болсын. Сондай-ақ, үлескерлер есебінен үй салуға лицензиясы бар ма, жоқ па - соны да тексерген артық болмайды. Мәселен, жуырда ғана белгілі болған «Азбука жилья» компаниясына ақша салушы 4080 үлескердің дауын алып қарайық. Осыдан 4 жыл бұрын 40 миллиард теңгеге жуық қаржыны жинап алған компания ЭКСПО қалашығы маңынан 8 тұрғын үй кешенін тұрғызамыз деп уәде берген. Бірақ қазір құрылыс жұмысы жүріп жатқан жоқ. Астана қалалық мемлекеттік сәулет-құрылыс бақылау басқарма басшысының орынбасары Мұрат Доланбековтың айтуынша, мұнда үлескерлердің өздері де айыпты. «Азбука жилья» компаниясының құрылыс жүргізуге лицензиясы бар. Ал, үлескерден ақша жинауға рұқсаты жоқ болатын. Оларға ақшаларын сеніп тапсырған үлескерлердің де кінәсі бар бұл жерде. Заңды білмеу жауапкершіліктен құтқармайды», - дейді М. Доланбеков.

Міне, сол себепті өз қаржысын жаңа үйге салар алдында құрылысшы және жобалаушы компаниялардың заңды атауын, мемлекеттік тіркеуден өткендігі (қайта тіркеуден өткендігі) туралы анықтама, салық төлегендігі туралы анықтама, тұрғын үй құрылысындағы қызметінің аудиторлық тексеруден өткендігінің соңғы жылының анықтамасы, жобалау компаниясының үлескерлер қаржысынан тұрғын үй құрылысын жүргізуге құқылы екендігі туралы лицензия, құрылыс нысаны, орналасқан жері мен пайдалануға берілетін мерзімін ескертіп құрылысшының үш жыл бойы салған нысандарының жобалары, жер учаскесін иеленуге құқы бар екенін растайын құжаттарын талап етіңіз.

Қандай да бір компанияның жұмысын көргіңіз келсе, оны Астана қаласы әкімдігінен де алуға болады. Барлық компаниялардың мәліметтері, атқарған жұмыстары әкімдіктің дерекқорында сақтаулы тұр.

Соңғы кезде тұрғын үй құрылысы кооперативі жүйесі жиі қолданылуда. Бұл жүйе бойынша, тұрғындар шаршы метрді емес, үлесті сатып алады. Барлық мәселе кооперативтің негізгі ережелері арқылы реттеледі. Бұл жүйеде компания құрылысты өзі жүргізе ме, әлде мердігер жалдай ма, соған да баса назар аударған абзал. Сонымен бірге, жобаның өзіндік құны өскен сайын үйескерлік жарнаны өсіру мүмкіндігін қарастыратын келісімшарт мәтініне жіті назар аудару керек. Егер кооператив мүшесі жобаны уақытылы толықтай қаржыландыруға мүмкіндігі болмаған жағдайда, кооперативтің міндеттемелері өзгеріп, келісімшарт бұзылады. Мұндай жағдайда ақшаны кері қайтарып алу өте қиын.

Дегенмен, тұрғын үй құрылысы кооперативі үлескерден гөрі құрылыс компаниясының мүддесін көбірек ойлайды. Себебі, мердігер (құрылыс компаниясы) іс жүзінде кооперативті басқарады және жарналардың көлемін анықтауға немесе одан түскен қаржыны тұрғын үй құрылысынан бөлек мақсатқа біреулерге беру құқығын жүзеге асыруға және басқа да маңызды шешімдерді қабылдауға ықпал ете алады. Сол себепті «Тұрғын үй құрылысына үлескерлік қатысу туралы» Заңымен салыстырғанда мұнда сатып алушылардың құқығы аз қорғалған, өйткені үлескерлердің барлық құқығы кооперативтің жарғысымен айқындалады.

Үлескер компанияны тексермей, содан опық жеп қалған жағдайлар аз емес. Қазақстан құрылысшылар қауымдастығы мәліметінше, өткен жылы «Альбаракат» компаниясы арзан пәтер сатам деп біраз елдің басын қатырыпты. Үлескерлер «Альбаракатқа» келісім шартқа сәйкес инвестициялаудың алғашқы жарнасының 25-33%-ын төлеп, қалғанын 5 жыл ішінде өсімсіз төлеуге тиіс болған. Бұл компания лицензиясы болмаса да «Шаржа» («Промышленный» тұрғын алабы аймағында) және «Прайн» («Интернациональный» ауылы) тұрғын үй кешендеріне инвестиция құю туралы келісім-шарт жасасады. Алайда, «Шаржа» тұрғын үй кешенін салушылардың құрылыс жүргізуге рұқсат қағаздары жоқ. Құрылысшының эскиздік нұсқасындағы мөр мен қойылған қолдың жасанды екені анықталған. Сәулет және қала құрылысы басқармасының декерккөздерінде бұл жобаның мақұлданғаны туралы ешқандай ақпарат жоқ (astana.gov.kz/).

Жалпы, Астанада мұндай әрекетке баратын арам пиғылды компаниялар өте көп. Олар тұрғындарды арзан бағамен қызықтырып, соңында қармағына түсіріп, адастырып кетеді. Үлескер атанбас бұрын жақсылап ойланып, ақылмен іс қылмай болмас.

Жамал Қапалбаева

Соңғы жаңалықтар