Үлескер құрылыс нысанының кепілдігі барын банк қосымшасы арқылы тексере алады
АСТАНА. KAZINFORM – Салынып жатқан құрылыс нысанынан тұрғын үй сатып алуға ниетті жандар енді онда «Қазақстан тұрғын үй компаниясы» АҚ кепілдігі бар-жоғын онлайн біле алады. Бұл туралы ҚР ӨҚМ Құрылыс және тұрғын үй коммуналдық шаруашылық істері комитеті төрағасы Бақытжан Жүнісбеков айтты.
— Халықтың қаржылық сауаттылығын арттыру мақсатында Halyk, БЦК, Еуразиялық, Jusan және EGOV қосымшаларында үлестік құрылыстағы нысандарды тексеру сервисі іске қосылды. Сатып алушылар онлайн режимде белгілі бір нысан бойынша Бірыңғай оператордың кепілдігінің немесе жергілікті атқарушы органның рұқсатының бар-жоғын тексере алады. Бұл өз кезегінде үлескерлердің алданып қалу жағдайларын және проблемалық нысандардың санын азайтады, – деді ол ОКҚ алаңындағы баспасөз мәслихатында.
Сондай-ақ спикер бұл бастама проблемалы үлескерлер мәселесін шешуге бағытталғанын атап өтті.
— 2025 жылдың бірінші жартыжылдығының қорытындысы бойынша сервиспен шамамен 530 мың бірегей пайдаланушы қолданды. Жалпы қабылданған шаралар тұрғын үй құрылысы саласындағы қызметтің ашықтығын қамтамасыз етуге, мәмілелердің қауіпсіздігін арттыруға, үлескерлердің қаражатын мақсатты пайдалануға, әлеуметтік шиеленісті төмендетуге және бюджетке түсетін жүктемені азайтуға бағытталған, – деді Бақытжан Жүнісбеков.
Еске салсақ, 30 маусымда Мемлекет басшысы «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне тұрғын үй құрылысына, автомобиль жолдарына үлестік қатысу және мүгедек адамдарды тасымалдау бойынша қызметтер көрсету мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» ҚР Заң қабылданды. Жаңа заң елімізде тұрғын үй құрылысына үлестік қатысу саласындағы сын-қатерлерді азайтып, құрылыс салушылардың жосықсыз тәжірибесін реттеуге бағытталған нормалар бар.
Сондай-ақ жаңа заңға сай, енді құрылыс компаниясынан қолма-қол ақшаға пәтер немесе тұрғын емес жай сатып алуға тыйым салынады. Ол тұрғын үй алыпсатарлығының алдын алу үшін жасалып жатыр.