Ұлға «енші», қызға «жасау» беру ұрпақтарға жауапкершілік сезім ұялатады

АСТАНА. KAZINFORMМәдениет және ұлттық салт-дәстүр күніне орайkazinform агеніттігі назарларыңызға ұлтымыздың тал бесіктен жер бесікке дейінгі ғұмырындағы маңызды салт-дәстүрлерін ұсынады.

Енші беру
Фото: el.kz

Енші беру

Қазақ салтында əрбір ата-ана үйленген ұлына «енші», қызына «жасау» беріп, іргесін бөліп отырады да, кенже ұлына енші бермей, қара шаңыраққа мұрагер етеді.

Қазақ халқы «енші» деп – ұлы үйленіп, бөлек отау болған кезде «мынау сенің еншің» деп ата дəулетінен бөліп беретін мал-дүниені айтады. Əдетте, ұлға берген «енші» мен қызға берген «жасау» қарайлас болады. Яғни, ата-ана ұлын бөлгенде басына үй тұрғызып беруден тыс, əл-ауқатына қарай «еншің» деп енсалып мал береді. Балалы-шағалы болса, «қолғанатың болады» деп, ұлдың іні-қарындастарының бірін қосып береді.

«Енші» алған ұлмен «жасау» алған қыздың енші мен жасауларын алған күннен бастап ата-анасының мал-дүниесіне қол сұғу құқығы болмайды. Енші алмай, қара шаңырақты басқан ұл (мейлі ол кенжесі, мейлі ортаншы, мейлі үлкені болсын) қалған ата дəулетіне ие болады да, ата-ананы бағып-қағу жауапкершілігін сол арқалайды. Ұлға «енші», қызға «жасау» беру ұрпақтарға жауапкершілік сезім ұялатады. Үйлі-баранды болған жас жұбайларға дербес тіршілік жолын іздеуге, адал еңбек, ащы тер төгіп, өз күштерімен бақыт-байлық жолын табуға, ерте бастан шаруаның қыр-сырына қанығып, өзгелерге иек сүйеп алудай жаман əдеттен арылтады.

Жасау
Фото: Мақсат Шағырбай / Kazinform

Үйі, күйі бөлініп, құқық-мүддешегі айырылған күннен (енші алғанша) бастап, ата-анамен бауыр-туыстарының мал-мүлкіне қол салудың жолсыздық болатындығын шынайы ұғындырып, ата-анасы көз жұмып кеткен жағдайда ата дəулетіне таласып, туыстар арасында дауласып-жауласудың алдын алады. Қысқасы, ұрпақтарды бақыт, байлықты елден емес, төккен терден күтуге дағдыландырады. Бауыр-туыстар арасында береке-бірлікті нығайтып тату-тəтті өтулеріне, туыстық сүйіспеншілікті суытпаулары на мүмкіндік жасайды.

Материал Айып Нүсіпоқасұлының «Тал бесіктен жер бесікке дейін» атты кінабына негізделіп дайындалды.

Соңғы жаңалықтар