Ұлыбритания Apple мен Google-дан балаларды қорғау шараларын күшейтуді талап етті

АСТАНА. KAZINFORM — Ұлыбритания үкіметі Apple мен Google компанияларына шарт қойды. Олар үш ай ішінде кәмелетке толмағандарға ашық фото мен видеоны түсіруге, көруге және жіберуге мүмкіндік бермейтін технологиялық шектеулерді іске қосу қажет, деп хабарлайды BBC.

Ұлыбритания Apple мен Google-дан балаларды қорғау шараларын күшейтуді талап етті
Фото: Anadolu

Ұлыбритания үкіметі бұл талап орындалмаған жағдайда компаниялар заңдық шектеулерге, айыппұлдарға немесе тіпті қылмыстық жауапкершілікке тартылуы мүмкін екенін ескертті.

Бұл туралы Лондонда өткен Technology Week аясында премьер-министр Кир Стармер мәлімдеді. Оның айтуынша, қажетті техникалық шешімдер құрылғыларда бұрыннан бар, тек оларды міндетті түрде іске қосу қажет.

— Мұнда мүмкін емес ештеңе жоқ. Бұл компаниялар — әлемдегі ең инновациялық компаниялардың бірі, — деді ол.

Технологиялар жөніндегі министр Лиз Кендалл шектеулер әр құрылғыда балалар үшін әдепкі түрде қосулы болуы керек екенін нақтылады. Ішкі істер министрі Шабана Махмуд компаниялардың кәмелетке толмағандарды ашық контенттен қорғауға «моральдық міндеті» бар екенін айтты.

Google өкілі балаларды қорғауға бейілділік білдірсе, Apple тарапынан ресми түсініктеме берілмеді. Дегенмен, екі компанияның құрылғыларында да жалаңаштықты анықтайтын функциялар бар, бірақ олар әзірге контентті бұғаттамай, тек ескерту береді.

Қатаң талаптардың енгізілуіне британ билігінің деректеріне сәйкес, 2024 жылы кәмелетке толмағандарға қатысты сексуалдық қылмыстардың 91%-ында интимдік суреттер балалардың өздері тарапынан қысым немесе бопсалау нәтижесінде жасалғаны себеп болған. Орташа британдық жасөспірім порнографиямен алғаш рет 13 жасында кездеседі.

Ұсынылған шаралар құқық қорғаушылар тарапынан сынға ұшырады. Big Brother Watch ұйымының директоры Силки Карло бұл бастаманы «шектен шыққан шара» деп атап, жасын растау жүйесі интернетте іс жүзінде паспорттық бақылауға әкелуі мүмкін екенін ескертті. Open Rights Group мұндай қадамдар смартфондарды бақылау құралына айналдырады деген қауіп білдірді.

Айта кетейік, Швейция 15 жасқа толмаған балалардың әлеуметтік желілерге кіруін шектеуі мүмкін.