Ұлыбритания экономикасы техникалық рецесияға ұшырады
ЛОНДОН. KAZINFORM - «Техникалық рецессия, әдетте, экономика екі тоқсан қатарынан құлдырағанда жарияланады. Жалпы ішкі өнім 2023 жылдың төртінші тоқсанында 0,3%-ға қысқарған», деп хабарлайды Kazinform-ның меншікті тілшісі Ғалымжан Қараманұлы.
Бұл көрсеткіш сарапшылардың жорамалынан да нашар болды. Олар экономика 0,1%-ға төмендейді деп болжаған. Көрсеткіштердің төмендеуі негізгі үш: қызмет көрсету, өндіріс және құрылыс секторларында тіркелген.
Англия Банкі бұдан кейін британиялықтардың қалтасы жұқара түседі дегенге сенбейді. Қаңтар айында инфляция деңгейі 4 пайыз деңгейінде сақталған. Бұл көрсеткіштер парламенттік сайлауға дайындалып жатқан Премьер-министр Риши Сунак үшін ауыр соққы болды. Саяси науқан осы жылдың соңында өтуі мүмкін. Үкімет басшысының берген негізгі уәделерінің бірі экономиканы көтеру болатын.
«Инфляция төмендеп жатыр. Жалақы 6 айдан бері өсіп келеді. Егер табандылық танытсақ, тәуелсіз болжамшылардың пікірінше, жаздың басында пайыздық мөлшерлемелер төмендейді, яғни ипотекасы бар отбасылар үшін қолайлы болмақ», — дейді Ұлыбританияның Қаржы министрі Джереми Хант.