Ұлыбритания, Франция және Германия Ираннан Израильге шабуыл жасамауды өтінді
АСТАНА. KAZINFORM –Еуропаның үш мемлекеті Иран мен оның одақтастарын Израильге шабуыл жасаудан бас тартуды өтінді. Өйткені, мұндай шабуыл шиеленісті одан ары ушықтырып, соғысты тоқтату және тұтқындарды босату мүмкіндігіне қатер төндіреді. Бұл жайында Kazinform агенттігінің меншікті тілшісі Әрсен Өтешов хабарлады.

Франция Президенті Эммануэль Макрон, Германия канцлері Олаф Шольц және Ұлыбритания Премьер-Министрі Кир Стармердің бірлескен мәлімдемесін бүгін британ үкіметі жария етті.
Еуропалық үш мемлекет көшбасшылары соғысты дереу тоқтатып, палестиндік ХАМАС тобының қолына отырған барлық тұтқынды босату керектігін мәлімдеді.
Мәлімдемеде Газа тұрғындары «шұғыл әрі кедергісіз көмек жеткізуге және оны таратуға» мұқтаж екені атап көрсетіледі.
«Біз аймақтағы шиеленістің күшеюіне қатты алаңдаймыз және деэскалация мен аймақтық тұрақтылықты қолдауға бір кісідей ұмтыламыз. Осы тұрғыда және атап айтқанда, біз Иран мен оның одақтастарын аймақтық шиеленісті одан әрі ушықтыратын және соғысты тоқтату мен кепілге алынғандарды босату туралы келіссөздер жүргізу мүмкіндігіне қауіп төндіретін шабуылдардан бас тартуға шақырамыз», - делінген мәлімдемеде.
Бұл ретте әңгіме осы аптаның соңында қайта жандануы тиіс Израиль мен ХАМАС арасындағы келісім туралы келіссөздер жайында болып отыр.
Елдер егер шабуыл жасалса, онда Иран «бейбітшілік пен тұрақтылыққа бастайтын осынау мүмкіндікке қауіп төндіретін әрекеттері үшін жауап береді» деп ескертеді.
«Таяу Шығыстағы жағдайдың одан ары ушыққанынан бір де бір ел немесе мемлекет пайда таппайды», - деп аталып өтілген мәлімдемеде.
Сонымен қатар, мемлекет басшылары Мысыр, Қатар және Америка Құрама Штаттарының соғысты тоқтату және кепілге алынғандарды босату туралы келісімге келудегі делдалдық әрекеттеріне қолдау білдірді.