Ұлыбритания сотталғандарды мерзімінен бұрын босату бағдарламасын уақытша тоқтатты
АСТАНА. KAZINFORM – Ұлыбританияның жаңа премьер-министрі Энди Бернем сотталғандарды жаза мерзімінің үштен бірін өтегеннен кейін мерзімінен бұрын босатуды көздейтін бағдарламаны уақытша тоқтатты, деп хабарлайды ВВС.
Бағдарламаны бұрынғы үкімет биылғы қыркүйекте іске қосуды жоспарлаған еді. Оның мақсаты – түрмелердегі орын тапшылығын азайту. Алайда қоғамда қауіпті қылмыскерлердің мерзімінен бұрын бостандыққа шығуы мүмкін деген алаңдаушылық туындаған.
– Қоғам қауіпсіздігі әрдайым мен үшін басты орында болады. Бағдарлама шұғыл қайта қаралып, тәуекелдер толық бағаланғанға дейін ешкім осы тәртіппен босатылмайды, – деді Энди Бернем.
Бұрынғы премьер Кир Стармер үкіметінің жоспары бойынша Англия мен Уэльсте кейбір сотталғандарды мерзімінен бұрын босату тәртібі жеңілдетілмек еді. Мәселен, жақсы тәртібі үшін жазасының жартысын өтегеннен кейін босатылатындар үштен бірін өтеген соң шығуға мүмкіндік алатын. Ал зорлық-зомбылық қылмыстары үшін сотталғандар жазасының үштен екісінің орнына жартысын өтегеннен кейін шартты түрде босатыла алатын еді. Бағдарлама аса ауыр қылмыс жасағандарға қолданылмайды.
Ұлыбритания түрмелерінде қазір шамамен 100 мың адам отыр. Соның 87 мыңы Англия мен Уэльстегі түзеу мекемелерінде қамалған. Билік бұл бағдарламаны түрмелердің шамадан тыс толуын азайту үшін ұсынған.
Әділет министрі Алекс Норристің айтуынша, бағдарлама күшіне енсе, қыркүйекте шамамен 700 адам, ал жалпы саны 6 мыңға жуық сотталған мерзімінен бұрын босатылар еді.
Түрме қызметкерлері кәсіподағының басшысы Стив Гиллан үкіметтің шешімін қолдап, қоғам қауіпсіздігі мен қылмыс құрбандарының мүддесін бірінші орынға қою дұрыс екенін айтты. Ал аты-жөнін атамаған түрме қызметкері бұл шешімді сынап, егер қыркүйекте сотталғандар босатылмаса, қараша айында түрмелерде бос орын мүлде қалмауы мүмкін екенін ескертті.
Айта кетейік, бұған дейін Ұлыбританияның жаңа премьер-министрі Энди Бернем үкімет құрамын жасақтап жатқанын жаздық.