Ұлыбритания ЖИ суперкомпьютерін жасауға миллиард доллар бөледі

АСТАНА. KAZINFORM — Ұлыбритания жасанды интеллектіге (AI) арналған суперкомпьютер жасауға 750 миллион фунт стерлинг (1 миллиард доллар) бөледі, деп хабарлайды ТАСС.

Ұлыбритания ЖИ суперкомпьютерін жасауға миллиард доллар бөледі
Фото: Kazinform

— 2030 жылы пайдалануға берілгеннен кейін бұл жүйе әлемдегі ең озық кешендердің біріне айналады. Ол сыналған әрі болашағы зор процессорларды және ең жаңа микрочиптерді біріктіріп, күрделі міндеттерді дәстүрлі суперкомпьютерлерге қарағанда әлдеқайда тиімді орындауға мүмкіндік береді, — делінген мәлімдемеде.

Бөлінетін қаражаттың жартысынан астамы — 400 млн фунт стерлинг — жасанды интеллект суперкомпьютерін келесі буын чиптерімен жабдықтауға жұмсалады. Алғашқы 150 млн фунт осы жазда бөлінеді.

Аса қуатты есептеу жүйесін құруға арналған тендер жақын уақытта жарияланады. Суперкомпьютер The University of Edinburgh базасында құрылып жатқан орталықта орналастырылып, Ұлыбританияның жасанды интеллектіні дамыту жобасының бірыңғай жүйесіне қосылады. Оның құрамына сондай-ақ Isambard-AI, DAWN және Zenith есептеу орталықтары кіреді.

Сонымен қатар жаңа жүйеде Ұлыбританияда әзірленген чиптерге басымдық беріледі. Ведомствоның мәліметінше, бұл жоба елдегі зерттеушілерге, стартаптарға және мемлекеттік қызметтерге жасанды интеллектіні әзірлеу мен қауіпсіз қолдануға қажетті жоғары өнімді есептеу қуаттарына қолжетімділік беру мақсатында жүзеге асырылып жатыр.

Айта кетейік, Испания мен Еуроодақ 10 млн еуро тұратын кванттық суперкомпьютерді іске қосты.