Ұлыбританияда биыл жазда аптап ыстықтан тарихи рекорд тіркелді
АСТАНА. KAZINFORM – Ұлыбританияда 2026 жылдың жазындағы орташа температура тарихи көрсеткіштен асып түсті. Бұл туралы Kazinform агенттігінің меншікті тілшісі хабарлайды.
Ұлыбритания метеорологиялық қызметінің дерегінше, биыл елде орташа температура метеобақылау жүргізіле бастаған 1884 жылдан бергі ең жоғары көрсеткішті көрсетіп, 16,5 °C-қа жетті. Бұған дейінгі рекорд 2025 жылы тіркелген, сол жылы жаздағы орташа температура 16,1 °C болды.
– Осы жаздағы аптап ыстықтан Ұлыбританияда климаттық рекорд тағы да жаңарды. Мұндай рекордтар қазір бұрынғыдан да жиі тіркеліп жатыр. Бұл Ұлыбританиядағы температураның өзгеруіне антропогендік климат өзгерісінің әсері күшейіп келе жатқанын көрсетеді, – деді Метеорологиялық қызметтің Ұлттық климаттық ақпарат орталығының басшысы, доктор Эми Доэрти.
Жаз маусымындағы ең жоғары температура 13 тамызда Лондонда тіркеліп, 38,1 °C-қа жетті. Англия, Уэльс және Солтүстік Ирландия аумағындағы метеостанциялар орташа температураның рекордтық көрсеткішке жеткенін анықтады. Шотландияда биыл метеобақылау тарихында алтыншы мәрте жаз мезгілі өте жылы болды.
Сонымен қатар биылғы жазда көбіне күн бұлтсыз болды. Елде 621,9 сағат аспан ашық болған, бұл – метеобақылау тарихындағы алтыншы үздік көрсеткіш. Ал Англия мен Уэльсте осы жаз күн шуағы мол түскен жаз маусымдары арасында екінші орынға жайғасты.
Болашақта Ұлыбританияда жазғы температура қандай болады
Ұлыбритания Метеорологиялық қызметінің ғалымдары екі ірі компьютерлік модельдеу нәтижесін салыстырды (бірінде парниктік газдар концентрациясына адам әрекетінің әсері ескерілсе, екіншісінде ескерілмеген). Ғалымдар климаттың өзгеруіне байланысты 2026 жылдағыдай жаздың қайталану ықтималдылығы шамамен 130 есе артты деген қорытындыға келді.
– Егер климатқа парниктік газдар шығарындылары әсер етпегенде, мұндай жаз мың жылда шамамен бір рет қана қайталануы мүмкін еді. Ал көмір жағудың әсерінен өзгеріп жатқан қазіргі климатта мұндай құбылыс шамамен тоғыз жылда бір рет қайталанады, – деп атап өтті Метеорологиялық қызметтің климаттық құбылыстарды атрибуциялау бағытының жетекшісі, доктор Марк Маккарти.
Сарапшылар 2025 жылы аптап ыстық болғанын, одан кейінгі рекорд келесі, яғни 2026 жылы тіркелгенін атап өтті.
– Біз небәрі бір жыл ішінде мұның нақты нәтижесін көріп отырмыз. 2026 жылғы жаздың орташа температурасы 2025 жылмен салыстырғанда, 0,40 °C-қа жоғары болды. Бұл маусымдық температура үшін едәуір айырмашылық, – деді Марк Маккарти.
Метеорологиялық қызметтің мәліметінше, жаһандық температураның көтерілуіне байланысты елдегі жылыну үрдісі алдағы уақытта да жалғасады.
Мамандар күн райының аптап ыстыққа ұласып, қуаңшылықтың күшеюі мүмкін екенін де болжап отыр.
– Биылғы жаз құрғақтығымен, әсіресе шілде айында елдің оңтүстігінде болған қуаңшылықпен есте қалды. Климаттық болжамдарға қарағанда, биылғы жаздағы жауын-шашын көрсеткіштері жаһандық температура 3 °C-қа жоғарылаған жағдайда Ұлыбританияда күтілетін жазғы көрсеткіштерге өте жақын болды, – деді Метеорологиялық қызметтің климатологы, доктор Джеймс Поуп.
Бұған дейін Еуропада аптап ыстыққа байланысты өлім-жітім өскені туралы жаздық.
Ақзат Жиеналина