Ұлыбританияда эвтаназия туралы заң жобасы қабылданбады
АСТАНА. KAZINFORM – Ұлыбритания парламентінің депутаттары жазылмайтын ауруға шалдыққан адамдарға өз еркімен өмірден кету кезінде медициналық көмек көрсетуді заңдастыруды көздеген заң жобасын қабылдамады, деп хабарлайды Reuters.
Бастамаға 286 депутат қарсы дауыс берсе, 270 депутат қолдады.
Заң жобасы Англия мен Уэльске қатысты болды. Оған сәйкес, кәмелетке толған, шешім қабылдау қабілеті бар, жазылмайтын ауруға шалдыққан және өмір сүру ұзақтығы алты айдан аспайды деп болжанған науқастар арнайы комиссияның мақұлдауынан кейін өмірін тоқтатуға медициналық көмек ала алатын еді.
Бұған дейін осындай заң жобасы Қауымдар палатасында қолдау тапқан болатын. Алайда Лордтар палатасында оны қарау белгіленген мерзімде аяқталмағандықтан, заң қабылданбады.
Жаңа бастама парламенттегі алғашқы кезеңнен өте алмады. Сондықтан оны қазіргі заң шығару сессиясында қайта қарау мүмкін емес. Бұл сессия келесі жылдың көктеміне дейін жалғасады деп күтілуде.
Заң жобасына қарсылар заңнамаға өзгеріс енгізу осал және ауыр науқастарға қысым көрсету қаупін тудыруы мүмкін екенін мәлімдеді. Ал қолдаушылар жазылмайтын ауруға шалдыққан адамдардың өмірден өз еркімен кету туралы шешімді өз бетінше қабылдауға құқығы болуы керек деп санайды.
Ұлыбритания үкіметі бейтарап ұстанымда болып, депутаттарға жеке көзқарастарына сәйкес дауыс беруге мүмкіндік берді.
Еске салайық, Франция эвтаназияға ресми түрде рұқсат берді.