Ұлыбританияда жаңа премьер-министрді іріктеу басталды: Энди Бернэм негізгі үміткер
АСТАНА. KAZINFORM — Ұлыбританияда билеуші Лейбористер партиясының жаңа көшбасшысын сайлау үдерісі басталды. Партияның жаңа жетекшісі қызметінен кететін Кир Стармердің орнына үкіметті басқарады. Бұл туралы Kazinform агенттігі ТАСС-қа сілтеме жасап хабарлады.
Үміткерлерден өтінім қабылдау 16 шілдеге дейін жалғасады. Сайлауға қатысу үшін кандидат Қауымдар палатасындағы лейборист депутаттардың кемінде 20 пайызының, яғни қазіргі құрам бойынша 81 депутаттың қолдауына ие болуы қажет.
Бұдан бөлек, оның кандидатурасын партиямен байланысы бар кемінде үш ұйым, оның ішінде екі кәсіподақ қолдауы тиіс. Лейбористер партиясының көшбасшысы болуға тек Ұлыбритания парламентінің қазіргі депутаты ғана үміткер бола алады.
Қазірге дейін сайлауға қатысуға ниет білдірген жалғыз кандидат — Үлкен Манчестердің бұрынғы мэрі Энди Бернэм. Ол 18 маусымда Қауымдар палатасының депутаты болып сайланды. Енді ол партияның басшылық органдарына ресми түрде өтінім тапсыруы керек.
Егер басқа үміткерлер тіркелмесе, Энди Бернэм 17 шілдеде Лейбористер партиясының көшбасшысы атанып, 20 шілдеде Ұлыбритания королі III Карлмен кездескеннен кейін премьер-министр қызметіне кірісуі мүмкін.
Британдық бұқаралық ақпарат құралдарының мәліметінше, Энди Бернэм лейборист депутаттардың басым бөлігінің қолдауына ие. Сондықтан ол партияның жаңа көшбасшысы болып партияішілік дауыс берусіз-ақ сайлануы ықтимал.
Ал егер бұл қызметке басқа кандидаттар да ұсынылса, партия ішінде сайлау өтеді. Лейбористер партиясының мүшелері мен оған қарасты ұйымдардың дауыс беруі 6–27 тамыз аралығында ұйымдастырылып, қорытындысы 29 тамызда жарияланады.
Еске салайық, 22 маусымда Кир Стармер Лейбористер партиясының көшбасшысы және Ұлыбритания премьер-министрі қызметтерінен кететінін мәлімдеген болатын. Елдегі саяси дағдарыс 7 мамырда өткен жергілікті өзін-өзі басқару органдарының сайлауынан кейін күшейді. Сайлау қорытындысында лейбористер алғаш рет Уэльс парламентіндегі бақылауын жоғалтып, Англиядағы түрлі заң шығарушы органдардағы шамамен 1,4 мың мандатынан айырылды.