Ұлыбританияның Бристоль мұражайынан 600-ден астам құнды жәдігер ұрланды
АСТАНА. KAZINFORM — Британ полициясының мәлімдемесіне сәйкес, қылмыстық рейд кезінде Бристоль мұражайының қоймасынан 600-ден астам мәдени құндылық ұрланғаны белгілі болды, деп хабарлайды ВВС.
Ұрлық 25 қыркүйекке қараған түні қала орталығындағы Камберленд-Бейсин аймағындағы қоймада болған. Британ империясы мен Достастыққа арналған мұражай коллекциясынан әскери ескерткіштер, зергерлік бұйымдар, қазба қалдықтары мен піл сүйегі, қола және күміс мүсіншелер қолды болған.

Тергеушілер ұрлықтан кейін аймақтағы бақылау камераларына түсіп қалған 4 ер адамның фотосуретін жариялады.
— Маңызды мәдени құндылығы бар көптеген заттардың ұрлануы қала үшін елеулі шығын, — деді Эйвон мен Сомерсет полициясының детективі Дэн Бурган.
Ұрланған заттардың арасында 1600-1873 жылдар аралығында жұмыс істеген Британдық Ост-Индия компаниясына тиесілі әскери белгілер мен ерлерге арналған түйреуіштер болған. Сондай-ақ зергерлік бұйымдар, атап айтқанда алқалар, білезіктер мен сақиналар, ойылған мүсіншелер және басқа да сәндік заттар, геологиялық үлгі сияқты табиғатқа қатысты бұйымдар бар.
— Жәдігерлердің дені қайырымдылыққа келген. Олар британ тарихының күрделі кезеңдерін түсінуге мүмкіндік беретін топтаманың бір бөлігі. Біз кінәлілерді жауапқа тартуға жұртшылық көмектеседі деп үміттенеміз, — дейді детектив Бурган.
Оның айтуынша, полиция қазірдің өзінде бейнебақылау камераларының жазбаларындағы маңызды тұстарын тексеріп, дәлелдерді зерттеп, зардап шеккендермен үнемі байланыс орнатып отыр.
— Бұл артефактілер Ұлыбритания мен XVIII ғасырдың аяғынан XX ғасырдың аяғына дейін Британ империясының құрамында болған елдер арасындағы байланысты құжаттайтын топтаманың бір бөлігі болды, — деді Бристоль қалалық кеңесінің мәдениет және шығармашылық индустриясының жетекшісі Филип Уокер.
Бристоль қалалық кеңесінің өкілі ұрлық туралы ақпарат неге енді тарағанын түсіндірді. Билік қылмыстың ауқымы анықталып, алдын ала тергеу аяқталғанша ақпарат таратпауды жөн көрген. Сонымен қатар мұрағат қызметкерлеріне мұражай қорында сақталған мыңдаған заттарды аралап, нақты ненің жетіспейтінін анықтау үшін уақыт қажет болған.
Айта кетейік, бұған дейін Сирия Ұлттық музейіне ұры түсіп, олар ежелгі мүсіндер мен құнды жәдігерлерді үптеп кеткенін жазған едік.