Ұлыстың ұлы күні: Елорда мен Алматыда балаларға арналған қандай қызықтар бар

АСТАНА. KAZINFORM – Қазақстанда Наурыз мейрамына орай бес күндік мерекелік демалыс басталды. Биылғы мейрам 21-25 наурыз аралығын қамтып, тұрғындар мен қала қонақтарына көптеген мәдени, ойын-сауық және отбасылық шаралар ұйымдастырылған. 

Ұлыстың ұлы күні: Елорда мен Алматыда балаларға арналған қандай қызықтар бар
Фото: Виктор Федюнин / Kazinform

Мерекелік бағдарламаның басым бөлігі Астана мен Алматыға тиесілі. Қос қала да биыл отбасылық демалыстарға арналған жүздеген іс-шара жоспарланған.

Астананың «Наурызнама» онкүндігі қалай өтпек?

Елордада биылғы мереке «Наурызнама» онкүндігі форматында өтіп жатыр. 14-23 наурыз аралығында қалада 200-ден астам іс-шара – концерттер, жәрмеңкелер, көрмелер мен алаңдардағы мерекелік жиындар ұйымдастырылған. Мұнда әр күн жеке тақырыпқа, яғни салт-дәстүрге, мәдениетке, қайырымдылық пен отбасылық құндылықтарға арналған.

Ұйымдастырушылар заманауи трендтерді де назардан тыс қалдырмады. Қала тұрғындарына, әсіресе балалар мен жасөспірімдер үшін қызықты AI-фотостудиялар мен цифрлық алаңдар сияқты интерактивті аймақтар жұмыс істейді. 

Алаңдардағы мерекелік іс-шаралар мен ойын-сауықтар негізінен EXPO аумағы мен «Бәйтерек» монументінің маңы, қала алаңдары мен «Ататүрік» саябағы, сондай-ақ, аудандық скверлерде шоғырланған.

– Қаланың барлық ауданында киіз үйлер тігіліп, сахналар мен интерактивті аймақтар құрылған. Қонақтарды концерттік бағдарламалар, асық ату, қазақ күресі, арқан тартыс ұлттық ойындары мен қолөнер шеберлерінің жәрмеңкесі күтеді. Орталық алаңдардағы бұл шаралардың барлығы тегін, - деп атап өтті ұйымдастырушылар.

Кішкентай көрермендер үшін мерекенің жөні бөлек. Мәселен 20 наурызда «Qazaqstan» жеңіл атлетика кешенінде Ұлттық спорт түрлері күніне арналған «Ұлы Дала Ойындары» отбасылық фестивалі өтті. Ал Әл-Фараби атындағы Оқушылар сарайында халық ертегілері желісімен «NAURYZ-2026» театрландырылған қойылымы ұсынылса, 21 наурызда елордалық цирк өз өнерін көрсетті. 

Қандай театр, концерт және шоулар өтеді?

Жабық ғимараттағы демалысты жөн көретіндер үшін театрлар мен концерт залдары да бар. Балаларға арналған спектакльдер мен мюзиклдер орта есеппен 2000 – 6000 теңге, цирк және шоу-бағдарламалар 3000 – 8000 теңге, концерттер мен отбасылық кештер 3000 – 10 000 теңге аралығында. 

Сонымен қатар EXPO аумағында 23 наурызға дейін «Наурыз базары» шығыс жәрмеңкесі жұмыс істейді. Мұнда ұлттық киімдер мен сувенирлерден бөлек, балалармен бірге серуен жасауға болады.

Дәстүрлі мерекеден бөлек, биыл түрлі жобалар мен креативті фестивальдердің де тынысы кең. Соның бірі әуезді әуен, дәмді ас пен қызықты ойындардың басын қосқан Garage Fest. 

Мұндай заманауи форматты жаны сүйетіндер үшін таптырмас орында ерекше фотозоналар мен бүкіл отбасымен қатысуға болатын ойындар ұйымдастырылған.

Қалалық ауқымдағы шаралардан бөлек, астаналық кафелер мен балалар орталықтары да мерекеге ерекше дайындықпен кіріскен. Кішкентай қонақтар үшін сурет салу және мүсіндеу, аспаздық өнері, сәндік-қолданбалы өнер бойынша арнайы шеберлік сағаттары өткізіледі.

– Мұндай шаралардың кестесі мен қатысу шарттары туралы мәліметті әр мекеменің әлеуметтік желідегі парақшаларынан білуге болады, - деп толықтырды ұйымдастырушылар.

Биыл елордада таңдау мүмкіндігі мол. Бірі орталықтағы дүбірлі думанды қаласа, енді бірі жылы ғимараттағы театр қойылымдарын таңдай алады. 

Алматыдағы дәстүрлі атмосфера мен саябақтар серуені

Алматыда да мереке ауқымы кең. Негізгі іс-шаралар Абай және Астана алаңдарында, Панфилов көшесі мен Арбатта өтеді. Бұл көшелерде киіз үйлер тігіліп, наурыз көже таратылады.

Балаларды қыдырту үшін қаланың саябақтары көптеген шаралар ұйымдастарған. Мысалы Тұңғыш Президент саябағы мен қалалық скверлерде мерекелік бағдарламалар мен қоса аудандық саябақтар бар. Мұнда адам көп емес, сондықтан кішкентай балалармен еркін серуендеуге мүмкіндік болады. Сондай-ақ қолөнер шеберханаларында балалар ұлттық бұйымдар жасауды үйреніп, шығармашылық шеберлік сағаттарына қатыса алады.

Тұрғындар мен қонақтар мерекелік бағдарламаны таңдағанда өз қызығушылықтарына қарай таңдай алады. Дәстүрге қаныққысы келетіндер орталық алаңдарға, ал жайлылықты қалайтындар театрлар мен жабық орталықтарға баруына болады.

Айта кетейік, бұған дейін Астанада «Наурызнама» онкүндігі аясында 200-ден астам ауқымды іс-шара өтетін хабарлаған болатынбыз.