Ұлытау облысында мас күйде көлік басқарған 15 адам жауапқа тартылды
ЖЕЗҚАЗҒАН. KAZINFORM — Жылдың басынан бері Ұлытау облысында мас күйде көлік басқарғаны және бұрын жүргізу құқығынан айырылғанына қарамастан қайта көлік тізгіндегені үшін 15 адам қылмыстық жауапкершілікке тартылды. Сот бұл әрекеттердің қоғамдық қауіптілігін ескере отырып, кінәлілерді бас бостандығынан айырып, өмір бойына көлік жүргізу құқығынан айырды. Бұл туралы облыстық прокуратура мәлім етті.

Прокуратураның мәліметінше, барлық тұлғалар құқық бұзушылық жасау сәтінде ұсталып, уақытша ұстау изоляторына қамалған.
— Аймақ соттары жасалған қылмыстық құқықбұзушылықтардың ауырлығын және олардың жоғары қоғамдық қауіптілігін ескере отырып, кінәлі тұлғаларға өмір бойына көлік жүргізу құқығынан айыра отырып, бас бостандығынан айыру түріндегі айыптау үкімдерін шығарған, — делінген хабарламада.
Мысалы, бұрын көлік құралын басқару құқығынан 7 жыл мерзімге айырылған тұлға тиісті қорытынды жасамай 2025 жылғы 16 тамызда Сәтбаев қаласында «Mercedes-Benz» маркалы көлікті алкогольдік масаң күйде қайта басқарған. Сәтбаев қалалық сотының үкімімен ол кінәлі деп танылып, 1 жыл 6 ай мерзімге бас бостандығынан айыру және өмір бойына көлік жүргізу құқығынан айыру жазасы тағайындалған.
Қадағалаушы орган масаң күйдегі жүргізушілердің қатысуымен болатын қылмыстық құқық бұзушылықтардың алдын алу жөніндегі үйлестіру жұмыстарын жалғастырады.
Ұлытау облысының прокуратурасы көлікті масаң күйде басқарғаны үшін қылмыстық жауаптылық қарастырылғанын әрі бас бостандығынан айыру мен жүргізуші куәлігінен өмір бойына айыру жазасы қолданылатынын ескертті.
Айта кетейік, бұған дейін Жезқазғанда мас күйде көлік тізгіндеген тұрғын сот шешімімен 1 айға қамалғанын жазған едік.