Ұлытау облысында мектептегі буллингті жасыру дерегі анықталды
АСТАНА. KAZINFORM – Ұлытау облысының прокуратурасы кәмелетке толмағандардың құқықтары мен заңды мүдделерін қорғау бағытындағы жұмыстар аясында мектептердегі бірқатар заң бұзушылықтарды анықтады.
Ведомство мәліметінше, Жаңаарқа ауданы прокуратурасының талдауы барысында оқушыларды тамақтандыруды ұйымдастыру кезінде санитариялық талаптардың сақталмағаны белгілі болған.
Прокурорлық қадағалау актісін қарау нәтижесінде мектеп асханаларындағы мәзір санитариялық талаптарға сәйкестендіріліп, тегін тамақпен қамтылған 2534 баланың күнделікті тағам үлесі ұлғайтылған. Сонымен қатар ұсынылатын тағамдардың сапасына бақылау күшейтілді.
– Жіберілген заң бұзушылықтар үшін жауапты лауазымды тұлғалар тәртіптік жауапкершілікке тартылды, – деп хабарлады прокуратура.
Бұдан бөлек, білім беру ұйымдарындағы бейнебақылау камераларына жүргізілген мониторинг барысында аудан мектептерінің бірінде кәмелетке толмаған балаға қатысты жүйелі қорлау мен дене жарақатын келтіру фактілері арқылы буллингті жасыру дерегі анықталған.
Прокуратураның араласуынан кейін кінәлі кәмелетке толмағандардың ата-аналары мен білім беру ұйымы директорының орынбасары әкімшілік жауапкершілікке тартылды.
– Балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету және білім беру ұйымдарындағы құқық бұзушылықтардың алдын алу бағытындағы жұмыстар жалғасуда, – деп мәлімдеді ведомство.
Айта кетейік, Үкімет басшысы жауапты министрліктердің балаларды буллингтен қорғау бойынша жұмысты күшейтуі қажет екенін айтты.