Ұлытау облысында полицейлер өртенген үйдің терезесінен үш баланы құтқарып қалды

ЖЕЗҚАЗҒАН. KAZINFORM – Сәтбаев қаласында көпқабатты тұрғын үйдің бірінші қабатында өрт шығып, тәртіп сақшыларының жедел әрекетінің арқасында үш бала аман қалды.

Ұлытау облысында полицейлер өртенген үйдің терезесінен үш баланы құтқарып қалды
Фото: ІІМ

Патрульдік полиция взводының қызмет инспекторлары Әсет Абдуакитов пен Нұрболат Нұрғабыл қала көшесін патрульдеу кезінде пәтердің терезесінен шыққан жалынды байқап, бірден көмекке ұмтылған.

- Дәл сол сәтте сыртқа жүгіріп шыққан тұрғын пәтер ішінде кәмелетке толмаған үш баланың қалып қойғанын айтқан. Полицейлер еш ойланбастан пәтерге кіріп, төсектің астынан бір баланы тауып, қауіпсіз жерге шығарған.

Бірінші баланы құтқарғаннан кейін олар екінші бөлмеге өтпек болғанымен, жалынның қатты өршуі кедергі келтірген. Осыдан кейін тәртіп сақшылары сыртқа шығып, терезенің торын жұлып алып, қалған екі баланы терезе арқылы шығарып үлгерген, - деп жазды ІІМ баспасөз қызметінен.

Өрт сөндіру қызметі дереу шақырылып, тілсіз жау толықтай ауыздықталды. Оқиға салдарынан ешкім зардап шеккен жоқ.

Айта кетейік, Астанадағы көпқабатты үйдегі өрттен 33 адам эвакуацияланды.

Соңғы жаңалықтар