Ұлттық құрылтай Ұлттық құрылтай

Ұлытау облысында тағы 30 отбасы баспаналы болды

ЖЕЗҚАЗҒАН. KAZINFORM – Ұлытау облысының Сәтбаев қаласында тұрғын үй кезегінде ұзақ жыл тұрған 30 отбасы жаңа пәтердің кілтіне ие болды. Бұл туралы Ұлытау облысы әкімдігінің баспасөз қызметі хабарлады.

В
Фото: Ұлытау облысы әкімдігі

Құрылысы аяқталған жаңа тұрғын үйлердегі пәтерлер халықтың әлеуметтік осал топтары мен өзге де арнайы санаттар бойынша кезекте тұрған азаматтарға берілді.

Жалпы, биылғы жылдың соңына дейін Ұлытау облысында 900-ге жуық отбасын баспанамен қамтамасыз ету жоспарланып отыр.

п
Фото: Ұлытау облысы әкімдігі

Пәтер кілттерін Сәтбаев қаласының әкімі Мұрат Бөрібаев салтанатты түрде табыстап, қоныс иелерін құттықтады.

– Өздеріңіз білетіндей, мамыр айында да 30 отбасының жаңа баспанаға қол жеткізген қуанышына ортақ болған едік. Бүгін сол игі істің жалғасы ретінде тағы бірқатар отбасын қоныс тойымен құттықтап отырмыз. Қаламыздағы тұрғын үй қорын жаңғырту және тұрғындарды баспанамен қамтамасыз ету бағытындағы жұмыстар алдағы уақытта да жүйелі түрде жалғасады, – деді қала әкімі.

Жаңа пәтер иесі Бекзат Балғабаева көптен күткен баспанаға 2014 жылдан бері кезекте тұрғаннан кейін қол жеткізгенін айтты.

п
Фото: Ұлытау облысы әкімдігі

– Бүгін менің отбасым үшін ерекше қуанышты күн болды. Осы уақыт ішінде арманымыздың орындалуын күттік. Енді өз үйіміздің кілтін алып, үлкен қуанышқа бөленіп отырмыз. Осындай мүмкіндік жасап, қолдау көрсеткен қала басшылығына және мемлекетімізге алғысымды білдіремін. Әр отбасы осындай қуанышқа жетсін, – деді ол.

Тағы бір жаңа қоныс иесі Біржан Қожагулов та баспанаға 2014 жылдан бері кезекте тұрғанын жеткізді.

п
Фото: Ұлытау облысы әкімдігі

– Мен ІІ топтағы мүгедекпін. Бүгін екі бөлмелі жаңа пәтердің кілтін алып, үлкен бақытқа кенеліп отырмын. Бұл – мен үшін ғана емес, жақындарым үшін де үлкен қуаныш. Осындай мүмкіндік жасап, қолдау көрсеткен мемлекетке, облыс және қала басшылығына шынайы ризашылығымды білдіремін. Баспана кезегінде тұрған барлық азаматқа осындай қуанышты күн бұйырсын, – деді жаңа пәтер иесі.

Әкімдіктің мәліметінше, жоба Ұлытау облысы әкімдігі мен Отбасы банк арасындағы ынтымақтастық туралы келісім аясында жүзеге асырылып жатыр.

а
Фото: Ұлытау облысы әкімдігі

Айта кетейік, облыс құрылғаннан бері өңірде 400 мың шаршы метрге жуық тұрғын үй пайдалануға берілді. Ал биыл 73 мың шаршы метр тұрғын үйдің құрылысы аяқталады деп жоспарланып отыр.