Ұлытау облысында «Таза Қазақстан» акциясы аясында 27 мыңнан астам ағаш көшеті отырғызылды

ЖЕЗҚАЗҒАН. KAZINFORM – Ұлытау облысында республикалық «Таза Қазақстан» экологиялық акциясының жаңа кезеңін бастауға арналған ауқымды іс-шара өткізілді. 

Ұлытау облысында «Таза Қазақстан» акциясы аясында 27 мыңнан астам ағаш көшеті отырғызылды
Фото: Ұлытау облысы әкімдігі

Аталған науқан барысында Жезқазған қаласының жастары мен эко-волонтерлері қала көшелерін тазалау жұмыстарында белсенділік танытты.

Ұлытау облысында «Таза Қазақстан» тұжырымдамасы жүйелі түрде жүзеге асырылып жатыр. 2029 жылға дейінгі іс-қимыл жоспарына сәйкес өңірде 43 іс-шара жоспарланған. Оның ішінде 2025 жылға арналған 34 шараның 32-сі орындалып, 2-еуі өтпелі ретінде жалғасуда. Бұл шаралар аясында халық көп жиналатын орындарға экобокстар мен фандоматтар орнату, сондай-ақ бизнестің әлеуметтік жауапкершілігі бойынша «Парыз» конкурсын «Экологияға қосқан үлесі үшін» номинациясында өткізу қарастырылған.

Ұлытау облысында «Таза Қазақстан» акциясы аясында 27 мыңнан астам ағаш көшеті отырғызылды
Фото: Ұлытау облысы әкімдігі

2025 жылы облыста 13 облыстық және 17 қалалық сенбілік ұйымдастырылды. Сонымен қатар «Таза бейсенбі» акциясы тұрақты түрде өткізіліп келеді. Жалпы абаттандыру жұмыстарына шамамен 87 мың адам қатысып, 1 423 бірлік арнайы техника жұмылдырылды. Нәтижесінде 8 мың тоннадан астам қоқыс шығарылып, 27 мыңнан астам ағаш көшеті отырғызылды. 

Сонымен қатар өңірде «Таза жағалау», «Таза аймақ», «Мөлдір бұлақ», «Туған жер – алтын бесігім», «Жер сағаты», «Таза қала», «Үлгілі ауыл» сияқты экологиялық жобалар іске асырылып, «ProEko» экологиялық жобалар байқауы мен «Табиғатты аяла» атты жас өлкетанушылар, экологтар және натуралистер форумы өткізілді. 

Ұлытау облысында «Таза Қазақстан» акциясы аясында 27 мыңнан астам ағаш көшеті отырғызылды
Фото: Ұлытау облысы әкімдігі
Ұлытау облысында «Таза Қазақстан» акциясы аясында 27 мыңнан астам ағаш көшеті отырғызылды
Фото: Ұлытау облысы әкімдігі

2026 жылға арналған жоспарға сәйкес 34 іс-шара қарастырылған, оның ішінде қазіргі уақытқа дейін 3 шара жүзеге асырылды. Барлық жұмыстар ай сайынғы мониторинг арқылы бақыланып, олардың сапалы әрі уақтылы орындалуы қамтамасыз етіліп жатыр.  

Аталған іс-шаралардың негізгі мақсаты – жас ұрпақтың экологиялық санасын қалыптастыру және қоршаған ортаны қорғауға жеке жауапкершілікті арттыру. Сондай-ақ «Таза Қазақстан» экологиялық акциясы өңір тұрғындарын біріктіріп, табиғатқа жанашырлықпен қарау мәдениетін қалыптастыруға және халықтың өмір сүру сапасын жақсартуға бағытталған.