Ұлытау облысында ұрланған 100-ге жуық мал иелеріне қайтарылды
АСТАНА. KAZINFORM – Ұлытау облысында полицейлер 100-ге жуық малды иелеріне қайтарды. Бұл туралы Polisia.kz мәлімдеді.
5 қыркүйектен бастап өңірде «Мал ұрысы» жедел-профилактикалық іс-шарасы өткізіліп жатыр. Оның аясында полиция қызметкерлері 2300 шаруа қожалығын, мал соятын 6 арнайы орынды, сондай-ақ ет сататын 34 дүкен мен базарды тексерді.
Криминалды полицияның жүйелі жұмысының нәтижесінде 15 мал ұрлығы фактісі ашылды. Жедел-іздестіру іс-қимылдары барысында 17 адамнан тұратын 4 қылмыстық топ ұсталды. Олардың ішінде 6 адам сот шешімімен түрлі мерзімге бас бостандығынан айырылды.
Сонымен қатар мал ұрлығының екі эпизодына қатысы бар екі тұлғаның да кінәсі дәлелденді. Құқық қорғау органдарының жұмысы нәтижесінде 100-ге жуық мал иелеріне қайтарылды.
Іс-шара аясында қараусыз жүрген малдар уақытша айып тұрақтарына қамалады. Қазіргі таңда облыс бойынша 26 арнайы мал қамайтын орын жұмыс істейді.
Айта кетейік, полиция үш күнде 100-ден астам мал ұрлығын ашты.