Ұлытау облысында ветеринариялық бақылау инспекциясының жаңа басшысы тағайындалды
ҰЛЫТАУ. KAZINFORM — Ауыл шаруашылығы министрлігі жүйесінде кезекті кадрлық өзгеріс орын алды. Өңірдегі ветеринариялық бақылау бағыты енді салалық және басқарушылық тәжірибесі бар маманға сеніп тапсырылды.
Ауыл шаруашылығы министрлігі Ветеринариялық бақылау және қадағалау комитетінің Ұлытау облысы бойынша аумақтық инспекциясының басшысы болып Илхам Бақтыбайұлы Әметов тағайындалды.
Илхам Әметов жоғары білімді, салалық және мемлекеттік басқару бағытында кәсіби даярлықтан өткен. Ол С. Сейфуллин атындағы Қазақ агротехникалық университеті, М. Х. Дулати атындағы Тараз мемлекеттік университеті және ҚР Президенті жанындағы Мемлекеттік басқару академиясы оқу орындарын ветеринариялық санитария мен медицина, құқықтану және мемлекеттік саясат мамандықтары бойынша тәмамдаған.
Еңбек жолын 2012 жылы Түркістан облысындағы жекеменшік ұйымдарда бастаған.
2016–2021 жылдары Ауыл шаруашылығы министрлігі Ветеринариялық бақылау және қадағалау комитетінің түрлі басқармаларында қызмет атқарып, жауапты бағыттарды үйлестірді.
2021 жылы Комитеттің Түркістан облысы бойынша аумақтық инспекциясы басшысының орынбасары болып тағайындалды.
2022 жылдан бастап Ауыл шаруашылығы министрлігінің Әдеп жөніндегі уәкілі қызметін атқарып келді.
Еске салсақ, Ұлытау облысы бойынша Тұтынушылардың құқықтарын қорғау департаментіне Жасұлан Дәулетбаев басшы болып тағайындалды.