Ұлытау облысында қалдықтарды қайта өңдейтін цех салынады
АСТАНА. KAZINFORM — Ұлытау облысында қағаз, пластик және резеңке өңдеу цехын және қатты тұрмыстық қалдықтар полигонын салу жоспарланып отыр. Бұл туралы Үкімет отырысында облыс әкімі Дастан Рысбеков мәлімдеді.

Оның айтуынша, жалпы құны 840 млн теңгені құрайтын жобаны жеке инвестор жүзеге асыруға ниетті. Ол өз қаражатынан 134 млн теңге бөледі және Өнеркәсіпті дамыту қоры мақұлдаған лизингтік қаржыландыру шеңберінде 705 млн теңге тартады.
Қазіргі уақытта жобаны іске асыру үшін облыс басшылығы ауданы 16 га жер телімін бөлді. Сондай-ақ суды пайдалануға және электрмен жабдықтауға арналған техникалық шарттар берілді. Жаңа кешен жылына 50 мың тоннаға дейін қалдықтарды қайта өңдеп, кәдеге жарата алады деп күтіледі. Бұл өңірдегі экологиялық жағдайды едәуір жақсартады.
Еске сала кетейік, Үкімет отырысында Олжас Бектенов тұрмыстық және өндірістік қалдықты қайта өңдеу саласын сынға алған болатын.