Ұлытау облысында Жеңістің 81 жылдығы кең көлемде тойланды
ЖЕЗҚАЗҒАН. KAZINFORM – Мерекелік іс-шара театрландырылған қойылыммен басталып, ортаға салтанатты түрде Мемлекеттік Ту әкелінді. Қазақстан Республикасының Мемлекеттік Гимні орындалып, жиналған жұртшылық Жеңіс рухына тағзым етті.
Өңір тұрғындарын Ұлытау облысының әкімі Дастан Рыспеков құттықтап, Жеңістің тарихи маңызына тоқталды.
– Қазақ мысының қара шаңырағы – Қарсақбай зауыты соғыс жылдары әскери өнімдер шығарып, жеңісті жақындатуға өлшеусіз үлес қосты. Бұл – біздің өңір үшін үлкен тарих, ұрпақтан-ұрпаққа жалғасатын мақтаныш. Қасиетті Ұлытау жерінен шыққан азаматтар майдан даласында да, тылда да табандылық пен отансүйгіштіктің үлгісін көрсетті, - деді өңір басшысы өз сөзінде.
Ұлытаулықтар майданда қаза тапқан боздақтар мен ел тыныштығы жолында жанын қиған ерлер рухын бір минут үнсіздікпен еске алды. Қатысушылар бабалар рухына тағзым етіп, Мәңгілік алауға гүл шоқтарын қойды.
Мерекелік іс-шара барысында тұрғындарға дәстүрлі дала асханасы ұсынылып, Жеңіс әндері шырқалды.