Ұлытау облысында жол ережесін өрескел бұзған 8 жүргізуші жауапқа тартылды
АСТАНА. KAZINFORM – Ұлытау облысында жол қозғалысы ережесін өрескел бұзған жас жүргізушілер әкімшілік жауапкершілікке тартылды, деп хабарлайды облыстық полиция департаменті.
Полиция департаменті жедел басқару орталығының кезекші офицерлері бейнебақылау камералары арқылы қала көшелеріне мониторинг жүргізу кезінде бірқатар жол ережесін бұзу дерегін анықтады.
Тексеру нәтижесінде құқық бұзушылық жасаған 8 жас жүргізуші белгілі болды.
– Олар жол қозғалысы ережесін бұзып, басқа жүргізушілерге қауіп төндірген және авариялық жағдай туғызған. Барлық жүргізуші заңнамаға сәйкес әкімшілік жауапкершілікке тартылды, – делінген хабарламада.
Полиция жол қауіпсіздігін қамтамасыз ету бағытындағы жұмыстар тәулік бойы жүргізіліп жатқанын атап өтті. Жол қозғалысы ережелерін өрескел бұзудың әрбір дерегі бойынша заң аясында тиісті шара қабылданады.
– Азаматтарды, әсіресе жас жүргізушілерді, жол қозғалысы ережелерін қатаң сақтауға, өз өмірі мен өзге де жол қозғалысына қатысушылардың қауіпсіздігіне жауапкершілікпен қарауға шақырамыз, – деп мәлімдеді ведомстводан.
Айта кетейік, Қызылордада жол ережесін өрескел бұзудың 1300-ден астам дерегі тіркелді.