Ұлттық құрылтай Ұлттық құрылтай

Ұлытау облысының Мибұлақ ауылында жаңа модульдік ветпункт пайдалануға берілді

ҰЛЫТАУ. KAZINFORM – Ұлытау облысының Мибұлақ ауылында жаңа модульдік ветеринариялық пункт пайдалануға берілді. Заманауи құрал-жабдықтармен қамтылған нысан өңірдегі мал басы ең көп ауылдық округтердің біріне қызмет көрсететін болады.

ы
Фото: Ұлытау облысының әкімдігі

Нысан Қазақстан Республикасының ветеринария саласын дамытудың 2026–2030 жылдарға арналған кешенді жоспары аясында салынған.

Жаңа ветеринариялық пункт мал емдеуге арналған препараттарды сақтауға арналған тоңазытқыш жабдықтары бар қоймамен, қызметтік кабинеттермен, санитариялық тораппен, компьютерлік техникамен және өрт қауіпсіздігі жүйесімен қамтамасыз етілген. Нысан аумағында жалпы ауданы 600 шаршы метр болатын малды бекіту алаңы мен қоршаулы қора-жай жабдықталған. Мұнда вакцинациялау, диагностикалық зерттеулер жүргізу және басқа да ветеринариялық іс-шаралар ұйымдастырылады.

ч
Фото: Ұлытау облысының әкімдігі

Ауыл шаруашылығы жануарларын бірдейлендірудің ақпараттық жүйесінің деректеріне сәйкес, Мибұлақ ауылдық округінде 17 715 бас ірі қара, 32 300 бас ұсақ мал, 12 630 жылқы және 72 түйе тіркелген.

в
Фото: Ұлытау облысының әкімдігі

Ветеринариялық пунктте сегіз маман жұмыс істейді. Олардың қатарында екі ветеринариялық дәрігер, екі ветеринариялық фельдшер және үш ветеринариялық санитар бар. Көшпелі қызметті қамтамасыз ету мақсатында бөлімше UAZ Pickup Profi және Niva Legend автокөліктерімен жабдықталған.

в
Фото: Ұлытау облысының әкімдігі

Салалық ведомствоның мәліметінше, 2026 жылы Ұлытау облысында 21 ветеринариялық пункт пен бір ветеринариялық станцияның құрылысы аяқталған. Ал 2027 жылы өңірде тағы 11 ветеринариялық пункт пен 17 мал қорымын салу жоспарланып отыр.

в
Фото: Ұлытау облысының әкімдігі

Еске салсақ, Қазақстанда 2030 жылға дейін ветеринариялық бақылау жүйесін ауқымды жаңғырту көзделген. Бұл мақсатқа 144,9 млрд теңге бөлінген. 

в
Фото: Ұлытау облысының әкімдігі