Ұлытау техникалық университеті мен Colorado School of Mines инженерлерді бірлесе даярлайды

АСТАНА. KAZINFORM – ҚР Ғылым және жоғары білім министрлігі мен Colorado School of Mines (QS World University Ranking by Subject: Mineral and Mining Engineering 2025 рейтингі бойынша – 1-орын) арасында Жезқазған қаласында Ұлытау техникалық университетін құруға қатысу жөніндегі ынтымақтастық туралы имплементациялық хаттамаға қол қойылды.

Ұлытау техникалық университеті мен Colorado School of Mines инженерлерді бірлесе даярлайды
Фото: Ғылым және жоғары білім министрлігі

Бұл университет тау-кен ісі мен металлургия саласында жоғары білікті мамандар даярлау және қолданбалы зерттеулерді дамыту бойынша озық тәжірибе орталығына айналмақ.

Ұлытау университетін құру ісіне «Kazakhmys Barlau» геологиялық барлау компаниясы да қатысады. Компания академиялық және өндірістік ынтымақтастықты, сондай-ақ геологиялық салаға арналған озық технологиялар трансферін белсенді қолдайды.

- Қол қойылған хаттамаға сәйкес тараптар қос диплом бағдарламасын іске қосумен қатар тау-кен өнеркәсібі мен геологиялық ғылымдар саласындағы ғылыми зерттеулер мен инновациялар бағытында ынтымақтастықты кеңейтуге, өңірдің жергілікті мәселелерін шешуге бағытталған мемлекеттік-жекеменшік әріптестік жобаларын дамытуға уағдаласты, - делінген министрлік ақпаратында.

Бұл келісім Қазақстанның Орталық Азиядағы академиялық орталық ретіндегі рөлін едәуір күшейтеді. Бүгінде елімізде шетелдік жоғары оқу орындарының 40 филиалы жұмыс істейді, 31,5 мың шетелдік студент білім алып жатыр.

Айта кетейік, Colorado School of Mines – 1873 жылы құрылған мемлекеттік университет. Ол студенттерді нақты өндірістік міндеттермен жұмыс істеуге үйретумен танымал. Университет түлектері ғылыми зерттеулер жүргізумен қатар халықаралық инженерлік жобаларда тәжірибе жинақтай алады.

Еске салайық, Oracle Қазақстанда ЖИ инфрақұрылымын дамытуға қатысады.

Соңғы жаңалықтар