Ұлытауда энергетика нысандарының жылыту маусымына дайындығы тексерілді
АСТАНА. KAZINFORM – Ұлытауда энергетикалық нысандардың жылыту маусымына дайындығы тексерілді.
Жылыту маусымына дайындық барысын бақылау аясында Энергетика министрлігі Мемлекеттік энергетикалық қадағалау және бақылау комитеті төрағасының орынбасары Ернар Хасенов Жезқазған және Сәтбаев қалаларындағы энергетикалық нысандарды аралады.
Жезқазған ЖЭО-да төрт қазандыққа ағымдағы жөндеу, бір қазандыққа күрделі жөндеу және төрт турбоагрегатқа ағымдағы жөндеу жұмыстары аяқталды. Қазіргі уақытта тағы екі қазандықта ағымдағы және күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілуде.
№1 жылу станциясында екі қазандыққа ағымдағы жөндеу жұмыстары аяқталды, тағы екі қазандықта жұмыстар жалғасып жатыр. Сондай-ақ газ жүретін трактіні күрделі жөндеу жұмыстары аяқталуға жақын.
Жылыту маусымын жоспарлы бастау үшін қажетті жабдықтар бар. Отынның нормативтік қоры қамтамасыз етіліп, пайдалану персоналымен аварияға қарсы жаттығулар өткізілген.
Сәтбаев және Жезқазған қалаларындағы жылу желілерінде жұмыс жалғасып жатыр. Сәтбаевта ұзындығы 0,3 км жылу желісі учаскесін қайта жаңғырту және жалпы ұзындығы 0,87 км учаскелерге күрделі жөндеу жұмыстары аяқталды. №1 магистральдық желі бойынша 1,55 км-дің 1,5 км учаскесінде, орамішілік желілер бойынша 24 км-дің 21 км учаскесінде жұмыстар орындалды.
Жезқазған қаласында 10,9 км жылу желісіне жөндеу жүргізілді. Қалған жұмыстарды жылыту маусымы басталғанға дейін аяқтап, одан кейін желілерді гидравликалық сынақтан өткізу жоспарланып отыр.
Облыстың электр желілері кешені бойынша 2026 жылға жоспарланған электр желілері мен жабдықтарына күрделі жөндеу көлемдері орындалды. Атап айтқанда, 1388 км электр беру желісі және 15 қосалқы станция жөнделді.
Тексеру қорытындысы бойынша қалған жұмыстарды уақтылы аяқтауға және күзгі-қысқы кезеңде энергетикалық инфрақұрылым нысандарының сенімді жұмысын қамтамасыз етуге ерекше назар аударылды.
Айта кетелік Петропавлда 80-нен астам көпқабатты үй жылыту маусымына әлі дайын емес екенін жазған едік.