Ұлытауда резонансты оқиғаға қатысы болған студенттік омбудсмен 10 тәулікке қамалды
ЖЕЗҚАЗҒАН. KAZINFORM - Жол қозғалысы ережелерін өрескел бұзу фактілері түсірілген бейнежазбадан кейін қоғам назарын аударған жастар ұйымы өкіліне қатысты әкімшілік іс бойынша сот шешімі шықты. Оқиға Ұлытау облысында кең қоғамдық талқыға түскен үйлену кортежіне байланысты болды.
Қаражал қалалық соты «Қазақстан студенттері альянсының» 24 жастағы жетекшісі, студент омбудсменге қатысты әкімшілік істі қарады. Сот оны ұсақ бұзақылық жасағаны үшін кінәлі деп танып, 10 тәулікке әкімшілік қамауға алу туралы шешім шығарды.
– Ұсталған азаматқа 10 тәулікке әкімшілік қамаққа алу жазасы тағайындалды, – деп хабарлады Ұлытау облысы сотының баспасөз қызметі.
Оқиға өткен демалыс күндері әлеуметтік желілерде қызу талқыланған үйлену кортежіне қатысты болды. Желіде тараған бейнежазбада бірнеше автокөлік қозғалыс кезінде жол ережелерін өрескел бұзғаны байқалған.
Бейнежазбаны кортежге қатысқан азамат түсірген. Кадрларда оның жол талғамайтын көліктің люгінен шығып, смартфон арқылы айналадағы жағдайды видеоға түсіріп жатқаны көрінеді. Кейін аталған материал Instagram әлеуметтік желісінде жарияланып, көпшілік арасында кең таралды.
Бейнежазбаға байланысты Ұлытау облысының полиция департаменті тексеру жүргізді. Құқық бұзушылықтарға жол берген көлік жүргізушілеріне қатысты тиісті шаралар қабылданып, автокөліктер арнайы тұраққа орналастырылды. Нәтижесінде 22 әкімшілік хаттама толтырылып, бес жүргізуші көлік басқару құқығынан айырылды.
Сот отырысы барысында айыпталушы өз кінәсін мойындап, болған жағдайға өкініш білдірді.
Іс мән-жайын саралаған сот 20 АЕК көлеміндегі айыппұл бұл жағдайда жеткілікті жаза болмайды деген қорытындыға келді. Осыған байланысты студенттік омбудсменге 10 тәулік мерзімге әкімшілік қамақ түріндегі жаза тағайындалды.