Ұлытауда сотталғандарды азаптаған түрме қызметкерлері апелляциялық шағым түсірді

АСТАНА. KAZINFORM — Ұлытау облысында жазасын өтеушілерді азаптады деп істі болғандар сот үкімімен келіспейтіндігі туралы апелляциялық шағым түсірді.

түрме
Фото: Pexels

Биыл 30 шілдеде Жезқазғанда қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық әскери соты ІІМ Қылмыстық-атқару жүйесі комитетінің Қарағанды және Ұлытау облысы бойынша № 62 мекемесінің 7 қызметкері мен Ұлттық ұлан № 6505 әскери бөлімінің 4 қызметкеріне — жалпы 11 адамға сот үкімін жариялады. 

Осы іс бойынша таяуда Зәуреш Жанұзақова есімді адам әлеуметтік желіде түзеу мекемесінде теолог қызметін атқарған ұлы Айдар Ахметжановтың жазықсыз сотталғанын айтып, Мемлекет басшысынан көмек сұрады.

«2023 жылы 31 мамырда балам түрмедегі бағынбаушылықты басу үшін жұмысқа дабылмен шақыртылған. Аса ауыр қылмыс жасап сотталғандар өз-өздерін қасақана жаралап, суицид жасамақ болады. Оқиға кезінде жазасын өтеушілер мекеме қызметкерлеріне шабуыл жасайды, погондарын жұлады, видеотіркегіштерін сындырады. Балама сотталғандардың бірін тепті деген айып тағылады. Алайда сараптама жазасын өтеушінің ешқандай соққы алмағанын көрсетті. Бейнежазбадан да баламның оны тепкені анықталмайды. Соған қарамастан, балама ауыр қылмыс туралы айып тағылды. Сотталғанның өзі теолог қызметіндегі Айдардың қатысы жоқтығын айтып, тиісті өтінішті сотқа өткізеді. Сот отырысында ол өтінішті өз еркімен жазғанын бірнеше рет айтады. Сараптама қорытындысына қарамастан, балам 4 жылға сотталып кетті. Аталған мән-жайға байланысты баламның ісін қайта қарауды сұраймын», — деп мәлімдеді Зәуреш Жанұзақова.

Бұл тұрғыда Ұлытау облысы прокуратурасы 2024 жылдың 30 шілдесінде сот үкімі бойынша мекеме бастығы мен оның режим жөніндегі орынбасарына 6 жыл 6 ай мерзімге бас бостандығынан айыру жазасы, сондай-ақ осы мекеменің 5 және әскери бөлімінің 4 қызметкеріне 4 жыл мен 4,5 жыл мерзіміне бас бостандықтарынан айыру түріндегі жаза қарастырылғанын хабарлады. 

«Атап айтқанда, Құқық қорғау қызметі туралы заңның 14-бабы негізінде құқық қорғау органдарының қызметкерлері мемлекеттік биліктің өкілдері саналады. Лауазымдық нұсқаулыққа сәйкес, сотталған А. Ахметжанов ҚР Конституциясын, ҚР заңдарын, оның ішінде „Құқық қорғау қызметі туралы“ және ҚР ІІМ ведомстволық нормативтік-құқықтық актілерін, ҚР ІІМ, ҚР ІІМ ҚАЖК, Қарағанды облысы және Ұлытау облысы бойынша ҚАЖД бұйрықтарын, оның ішінде өзінің лауазымдық нұсқаулығына сәйкес жүзеге асыруға міндетті. Қазақстан Республикасы Конституциясының 17-бабы аясында адамның қадір-қасиетіне қол сұғылмайды. Ешкімді азаптауға, оған зорлық-зомбылық жасауға, басқадай қатыгездік немесе адамдық қадір-қасиетін қорлайтындай жәбір көрсетуге немесе жазалауға болмайды. „Қылмыстық атқару жүйесі мекемелерінде ұсталатын адамдардың мінез-құлқын бақылау мен қадағалауды жүзеге асыру жөніндегі қызметті ұйымдастыру“ туралы ҚР ІІМ 2017 жылғы 20 ақпанындағы № 36 бұйрығында мекеме қызметкерлерінің заңды іс-әрекеттері жазылған, яғни сотталғандарды оқшаулап және жаппай тәртіпсіздікке ұласуына жол бермеу шараларын қабылдау қажет. Алайда істі тергеу барысында аталған бұйрық талаптары мекеме қызметкерлері тарапынан орындалмағаны анықталды», — делінген Ұлытау облысы прокуратурасы мәліметінде. 

Осы орайда прокуратура оқиға болған жерден алынған бейнежазбаны қарау барысында сотталғандар тарапынан мекеме қызметкерлерінің заңды талаптарына бағынбау немесе қарсылық көрсеткен әрекеттері анықталмағанын мәлімдеді. 

«Бұл жерге А. Ахметжанов дабыл белгісі жарияланған соң келіп, заңға қайшы іс-әрекет жасаған. Сотқа дейінгі тергеп-тексеру барысында сотталған А. Ахметжановтың қылмыстық құқық бұзу әрекетін жасағандығын әшкерелейтін дәлелдемелер жинақталды. Жәбірленушілердің әрі куәгерлердің жауаптарымен, сараптама қорытындыларымен, жүргізілген беттестіру тергеу әрекеттері және оқиға болған жерден алынған бейнежазбалармен дәлелденеді», — деп нақтылады облыстық прокуратура.

Айта кетейік, қазіргі кезде бұл оқиға бойынша істі болғандар бірінші сатыдағы сот үкімімен келіспейтіндігі туралы апелляциялық шағым түсірген. Аталған іс апелляциялық сатыдағы сотта қаралады.

Ал, Қылмыстық-атқару жүйесі комитеті қарайтын Ішкі істер министрлігі келесідей түсінік берді. 

«Төтенше жағдай туындаған кезде (оның ішінде қамаудағы адамдардың бүлік жасауы) қызметтегі барлық аттестатталған қызметкерлер Құқық қорғау қызметі туралы заңға сәйкес әрекет етуге міндетті. Қылмыстық сот iсiн жүргiзу Қылмыстық-процестік кодекспен белгіленген тәртіпте айқындалады. Қылмыстық iс бойынша сотқа дейiнгi тергеп-тексерудi өз құзыретi шегiнде жүзеге асыруға уәкiлеттi лауазымды адам істің мән-жайын жан-жақты, толық және объективтi зерттеу үшін барлық шараларды қолданады. Сонымен қатар, ҚР Конституциясының 77-бабына сәйкес, сот төрелігін іске асыру жөніндегі соттың қызметіне қандай да болсын араласуға жол берілмейді және ол заң бойынша жауапкершілікке әкеп соғады», — делінген ІІМ ақпаратында.