Ұлытаулық жиһанкез Еуропаны жаяу аралап, рекорд орнатпақ
АСТАНА. KAZINFORM – 76 жастағы танымал жиһанкез Сәрсенбай Қотырашов енді Еуропа елдерін жаяу кезіп өтпек. Ulytaumen есімімен танымал саяхатшы бас-аяғы екі айда Сербия, Мажарстан, Аустрия, Германия, Франция бағытында жаяу марафон жасайды.
Бұған дейін жиһанкез еліміздің 17 өңірін аралап, 8 мың шақырымды еңсерген еді. Осылайша Қазақстанның рекордтар кітабына енді.
Ал 2023 жылы С.Қотырашов Атырау қаласынан шығып, Ресейдің Кавказ өлкелерінен өтіп, Грузия арқылы Түркия Республикасының Ыстанбұл қаласына жетті.
2024 жылы Өскемен қаласынан шығып, Алтай өлкесі мен Монғолия арқылы Қытай астанасы Бейжіңге жаяу жеткен. Ондағы мақсат – дүниежүзілік өркениетке көшпенділердің қосқан үлесін таныту, жылқыны алғаш қолға үйреткен, доңғалақты, шалбарды, ер-тұрманды ойлап тапқан ата-баба мирасын дәріптеу.

– Еуропа бағыты – менің үлкен сапарымның жалғасы. Бүгін түнде Сербияға ұшып, кәрі құрлықты 58 күнде аралап, 26 сәуірде Парижге жетуді жобалап отырмын. Былтыр саяхатқа ақша жетпей қалғаны рас. Себебі маған Үкімет еш қаражат бөлмейді. Бастаған істі аяқсыз қалдыруға болмайды. Жалпы 40 мың шақырымнан аса жүріп, Гиннес рекордына еніп, Қазақстанның атын әлемге танытқым келеді. Себебі Экватордың ұзындығы 40 мың шақырымды құрайды, осы перимерден асуым керек. Сондықтан кезекті сапарыма бару үшін өз пәтерімді саттым, – деді С. Қотырашов елордада өткен кезедсуде.

Еуопадан кейін жиһанкез атай Америка Құрама Штаттарына баруды, Атлант мұхтының жағалауынан Тынық мұхитының жағалауына жетуді көздеп отыр.
Мұнымен шектеліп қалмай, 40 мың шақырымнан асу үшін Африка, Орта Азия және басқа континенттерді аралап шығу жоспарда.
Гиннестің әлемдік рекордтар кітабына сәйкес, бүгінгі күнге дейін 75 жастан асқан адамның жаяу саяхат жасауы бойынша мұндай рекорд болмаған.
– Жолдың бейнеті де аз емес. Алғаш ел ішін аралағанымда Жезқазған-Қызылорда трассасы қиынға соқты. Ешбір елдімекен жоқ, бірлі-жарым шайхана, шаруа қожалықтары ғана кезігіп, 420 шақырымды он күнде жүріп өттім. Оңтүстікте Түлкібас ауданындағы жоғары-төмен асулардан өту қиын болды. Түркияда да биік тауларды айналу өте көп уақыт алды. Төтесінен жүру үшін 3 шақырымға жететін ұзын туннельдің ішімен жүру қажет болды. Туннельдің іші тас қараңғы, тротуар жоқ, бетон қуыста көліктердің дауысы жаңғырып, құлағың бітеліп қалады. Осылайша үш шақырым туннельді 1,5 сағатқа әзер жүріп өттім, – деп еске алады саяхатшы.

Гиннес рекордын тіркеу үшін саяхатшыға арнайы трекер ілінеді, сол арқылы рекордты тіркеу ұйымы бақылап отырады.
Ал тілдік кедергіге ұшырамау үшін С. Қотырашов ілеспе аудармашы көмегін пайдаланбақ.

– Балаларым қуанады, «біздің атамыз – әлемдегі жалғыз жиһанкез қария» деп мақтанады. Замандастарыма айтарым, ең алдымен қимыл керек. Қазір құрдастарымның арасында балдақпен, таяқпен жүргендері көп. Егер денсаулығың мықты болсын десең, шираймын десең, күн сайын 7 км жаяу жүр. Қан айналым жақсарады, таза ауамен демаласың, жан-жағыңды көресің, әркіммен амандасып, жөн сұрасасың, өмірге құштарлығың артады. Адамды қимыл ширатады. 9 жасымнан бері өндірісте жұмыс істеп келемін, әлі де сол қуатпен келе жатырмын, – дейді С. Қотырашов.

Бұған дейін атыраулық саяхатшы Берік Есенғалиевтің әлемдегі ең суық жер саналатын Оймякон елдімекеніне барғанын хабарлаған едік.