Үлкенге де, жасқа да мемлекет тарапынан қамқорлық айтулы - Б.Тұрәлиева, зейнеткер, БҚО

ОРАЛ. 1 ақпан. ҚазАқпарат /Елжан Ералы/ - Еліміздің тұңғыш Президентінің күні кешегі халыққа арнаған Жолдауын бала-шағаммен бірге отырып, тыңдап, дән риза болдым. Үлкенге де, жасқа да мемлекет тарапынан қамқорлық айтулы. Бұл туралы зейнеткер, «Күміс алқа» иегері Бақыт Тұрәлиева мәлім етті.

Үлкенге де, жасқа да мемлекет тарапынан қамқорлық айтулы - Б.Тұрәлиева, зейнеткер, БҚО

Оның айтуынша, отағасы Сайлау Қалиев екеуі Сырым ауданында қы­рық жыл бойы мал баққан. Қора­дағы төл ырыздықты молайтса, сәбидің уілі үйдегі ынтымақты нығайтты. Адал еңбекпен алты перзентін аман-есен өсіріп, қатарынан кем қылған жоқ. Бүгінде олар - бір-бір шаңырақ иесі. Немере-жиендерге қоса, шөберелер өсіп келеді.

«Қазір Плодоовощный ауылын мекен етіп, осыдан бір­неше жыл бұрын бұл дүниеден өткен қартымның ошағының отын өшірмей, үлкен шаңырақтың ақылшы әжесі болып отырған жайым бар. Үлкейдік деп қол қусырып отырғаным жоқ. Ауылдағы, қаладағы мәдени шаралардың ортасынан табылып, «Әжелер сәлемі» бірлестігінің құрамында ән салумен бірге, «Нұр Отан» ХДП мүшесі ретінде түрлі шараларға қатысып тұрамын.

Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың біздің облысымызға келген сапарлары барысында бірнеше рет жүзін көріп, қол беріп, амандасудың да сәті түсті. Зейнетақымыз көбейіп, ал жастардың толыққанды білім алуы үшін бар жағдай жасалуда. Енді осындай мүмкіндікті жастар жағы тиімді пайдаланып, Отанның мүддесі үшін жемісті еңбек етулері керек», деді Б.Тұрәлиева.