Ұлт Жоспары - даму көкжиегін айқындауда

Конференция жұмысын ашқан оқу орнының басшысы Динар Нөкетаева Елбасы ұсынған халықтық 5 реформаның маңызы мен мәніне тоқталып өтті. «Бүтін ел болып мемлекетіміздің жарқын болашағы үшін үлкен іске қызу кірісіп, білім мен ғылым саласы бойынша өзіміздің сүбелі үлесімізді қосуға барынша ниеттіміз. Себебі Елбасы Н.Ә.Назарбаев еліміз үшін әлемдік дағдарысқа біртұтас күресуде баламасы жоқ, дәлелі тұжырымды, ұстанымы кесімді 5 халықтық бағыттан тұратын Ұлт Жоспарын жариялады. Бұл - тәуелсіздіктің аз ғана жылында көптеген мемлекеттер жете алмаған биік белестерді еңсерген Қазақстанның әлемнің алдыңғы қатарлы 30 елінің қатарына қосылу үшін жасалған ғасырлық межесі. Ұлттық жоспар - ұлт пен ұлыстарды ұйыстыратын, біріккен саусақ пен иліккен иненің көзінен өтетін өткір де ұтқыр идеяға құрылған ортақ іс екеніне ешкімнің шүбәсі жоқ. Ондағы көрсетілген 100 қадам - Көк Туымыздағы тармақталған сәуле секілді әр тарапқа нұрын төккен Мәңгілік Елдің аспандаған адымы. Нұрсұлтан Назарбаевтың Нұрлы жолы, мәңгілік тақырыпқа құрылған нақты идеясы», деді Д.Нөкетаева.
Одан әрі сөз алған, ел егемендігін жариялаған кезде басы-қасында болған академик, ҚР еңбек сіңірген қайраткері Сұлтан Сартаев Елбасының тәуелсіздік алған жылдан бергі еліміздің дамуына қосқан үлесін, көшбасшылық Тұңғыш Президенттің сарабдал саясатын тілге тиек етті. Ел руханиятының қалыптасуына елеулі еңбек сіңірген белгілі ғалым, ҚР ҰҒА академигі Әбдімәлік Нысанбаев жаңа ұлттық жоспардың көкжиегі кең, маңызы мен нәтижесі орасан зор екендігін атап өтіп, Елбасының реформалық бағдары және оның орындалу жолындағы тиянақты 100 қадамы еліміздің өсіп-өркендеу жолына, көркейіп, дамуына апаратынына сенім білдірді. Танымал тіл жанашыры, «Мемлекеттік тілге - құрмет» қоғамдық бірлестігінің төрайымы Асылы Осман жиында: «Мемлекеттік тіл ортақ болмай қоғам топтаспайды. Үштұғырлы тіл саясаты дегенде қазақ, орыс, ағылшын тілдерін білу керек. Ағылшын мен орыс тілі тұғырына қонған тілдер. Алаш қайраткері А.Байтұрсынұлы «Сөзі жоғалған жұрттың өзі де жоғалады» деген, сондықтан да біз үштілділік саясатында қазақ тіліне мән беруіміз керек» деп қадап айтып, мемлекеттік тілді дамытуда, қоғам біртұтастығын сақтауда Елбасының 5 реформасының шынайы халықтық екендігін жеткізді. Конференцияда «Кәсіби мемлекеттік аппарат - саяси жүйенің негізгі тұрақтандыру факторы», «Заңның үстемдігі - заманауи қоғамның теңдесіз жетістігі», «Индустрияландыру және экономикалық өсім - ел дамуының негізгі бағыты», «Біздің ел, біздің ұлт, біздің болашақ» атты 4 секция жұмыс істеп, ғалымдар арнайы баяндама жасады. Шара соңында бес халықтық реформаны жүзеге асыру тетіктері мен оны түсіндіру бағытында арнайы қарар қабылданды. Конференцияда ең қымбат қазынасы адам болып саналатын Баршаға бірдей осы заманғы мемлекет, Заңның үстемдігі, Тұрақты экономика, Мызғымас, мәңгілік Болашағы біртұтас ұлт, Ашық мемлекет құрудағы білім мен ғылым салаларының атқаратын рөлі, қосатын үлесі белгіленді.